«Тағдыры тәлкекке түскендер» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды

42

Тарихта «ақтаңдақтар» деген атпен қалған Сталиндік солақай саясат жылдары әрбір қазақстандық азаматтың есінде мәңгі сақталады. Өз халқының болашағы жолында адал қызмет еткен және сол жолда құрбан болған азаматтарымыздың істеген істері кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Ал олардың өмірі мен қызметін өскелең жас ұрпаққа насихаттап, көпшілікке таныту баршамыздың парызымыз болса керек. Осы мақсатта Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Ашық есік күні» аясында «Тағдыры тәлкекке түскендер» атты дөңгелек үстел жұмысын ұйымдастырып отырмыз.

Біздің басты мақсатымыз – 1937-1938 жылдарда болған саяси қуғын-сүргін саясатының арқасында жазықсыздан жазықсыз түрмеге қамалып, «ұлтшыл» немесе «халық жауы» деп қудаланған асыл азаматтармызды еске алу, олардың өмірі мен қызметін өскелең жас ұрпаққа насихаттау, тек зерттеушілер мен ғалымдар үшін ғана емес, архив құжаттарын пайдалануға ниет білдірген кез-келген азаматқа сол бір қиын-қыстау кезеңдер жайындағы құндылықтарды ұсыну болып отыр. Осы орайда 100 жылға жуық тарихы бар Түркістан облысы мемлекеттік архивіндегі №630 қор «Чимкент облысында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың құжаттары» және №1170 қор «Түркістандағы қазақ ұлттық зиялыларының өмірі мен қызметі құжаттары» топтамаларын ерекше атап өткіміз келеді.

«Чимкент облысында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың құжаттары» топтамасына Алтынбеков Дүйсенбай, Отарбаев Тәңірберген, Сабыр Айтхожин, Елеукенов Балабай, Қаламбаев Аппаз, Нәзір Төреқұлов, Қыстаубаев Жұмабек, Жүнісов Кенжебек, Сафарбеков Садықбек, Сандыбаев Әбубәкір, Кулетов Қазмұхамед, Тұрашев Жайлау, Пернук Алексей Алексеевич, Арапов Ташмет сынды саяси қуғын-сүргін құрбандарының жеке текті құжаттары мемлекеттік сақтауға алынған. 2003 жылы жинақталған құжаттар негізінде «Саяси қуғын-сүргіндер: шындық пен қауесет» атты құжаттар жинағы жарық көрген. Жинаққа оқиғаның барысы, халық жауларын әшкерелеудіә ашып көрсететін хаттамалардың көшірмелері, халық жауларының тізімдері, олардың іс-әрекеттері туралы хабарламалары, яғни құжаттардың түпнұсқалары, олардың өмірбаяндары жайлы архивтік анықтамалары, әр жылдары жергілікті баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар мен естеліктер енгізілген.
«Түркістандағы қазақ ұлттық зиялыларының өмірі мен қызметі құжаттары» топтамасы өткенге қызығушылықты ескере отырып және қоғамды ретроспективтік ақпаратпен қамтамасыз ету үшін 2004 жылдан бастап жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Өзбекстан Республикасы архивтері мен кітапханаларынан әкелінген құнды құжаттар негізінде құрастырылған. Топтамаға Санжар Асфендияров, Мұхтар Әуезов, Ораз Жандосов, Абубакир Диваев, Халил Досмухамедов, Сүлейман Есқараев, Абдрахман Кадырбаев, Темирбек Нурпеисов, Садуақас Османов, Абдулла Розыбакиев, Тұрар Рысқұлов, Кабулбек Сарымулдаев, Абылай Сергазиев, Мухамеджан Тынышпаев, Сұлтанбек Қожанов, Қадыр Төрекулов, Мұстафа Шоқай сынды Алаш қайраткерлерінің құжаттары мен Шоқан Уәлиханов және Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен қызметіне қатысты мәліметтер жинақталған. Бұл құжаттардан Алаш қайраткерлерінің «Елім! Жерім!» деп шындық іздеп, әділдіктің ақ таңы үшін аямай тер төккенін көре аламыз.

«Кешегісін білмегеннің, келешегі дүдамал» демекші, қазіргі таңда тәуелсіз ел ретінде тарихымыз таза таразыланып, 1937-1938 жылдары жазықсыз құрбан болған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету, олардың халық алдындағы есімдерін ақтап алу арқылы өскелең ұрпаққа парасаты мол іс танытуымыз қажет.

Осы орайда 2021 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығына және Түркістан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 14 қаңтардағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құру туралы» №6 қаулысына сәйкес, арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмыс тобымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың мақсаты мен міндеттері талқыланып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық офисінің дайындаған әдістемелік нұсқаулығына сүйене отырып, Түркістан облысы мемлекеттік архивіндегі әділет, сот, прокуратура органдарының жабық және ашық қорларындағы құжаттарды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс екі бағытта 5-бағыт Большевиктік-сталиндік режимнің шаруаларға қарсы күшейтілген ұжымдастыру, сатып алу және басқа да саяси науқандарының құрбандарын зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау бойынша және 9-бағыт Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін жеке күрескен адамдардың, сондай-ақ осы идеялар үшін адамдардың саяси баяндамаларына қатысушылардың, қоғамдық және саяси ұйымдрдың, сондай-ақ қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа салалардағы идеялары үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың толық құқықтық және саяси ақтауға арналған пікірлер мен ұсыныстар дайындау бойынша жүргізілуде. Күні бүгінге дейін жүргізілген зерттеу жұмыстары негізінде жалпы саны 2124 адам тізімге алынды, Қазіргі таңда ақтауға жалпы саны 2062 адам ұсынылды. Тізімде қылмыстық жауапкершілкке тартылған азаматтың аты-жөні, туған жылы, әлеуметтік жағдайы, қандай баппен жауапқа тартылғандығы және жаза мерзімі, архивтік негізі туралы мәліметтер қамтылған.

Жинақталған тізім негізінде 2022 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының толық құқықтық ақтауға ұсынылғандардың кеңейтілген тізімі» және жинақталған архивтік деректер негізінде «Отырықшыландыру мен шаруаларды күштеп жер аудару науқанының құжаттары мен мақалалар» жинағы жарық көрді.

2021 жылдың қазан айында Облыстық архив қызметкерлері мен тарихшылардан құралған жұмыс тобы, Тәжікстан Республикасының архивтері мен кітапханаларында қызметтік іссапарда болып қайтты. Зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында 1928-1934 жылдары Тәжікстан жеріне ауа көшкен қазақтар жайлы деректер іздестіріліп, нәтижесінде босқындардың шетел асуының барысы және Тәжікстанға көшіп барған қазақтардың жергілікті жерлерге жайғасуы, Алаш өкілдері К.Төреқұлов пен К.Джунисбековтың жеке істері т.б. құжаттар көшірмелері мен фотосуреттер әкелінді. Тәжікстанға қоныс аудару барысында кейде трагедиямен аяқталатын қоныс аударушылар қозғалысы қандай драмалық жағдайда болғандығы туралы өте құнды құжаттар мен фотоқұжаттар алынды. Сондай-ақ, жүктерді тасымалдау тарифтері, шалғай аудандар мен ауылдардан нан тасымалдауға байланысты құжаттар зерттеушілері үшін үлкен қызығушылық тудыратыны сөзсіз.

Ағымдағы жылы жұмыстар жалғастырылып, жинақталған құжаттар негізінде баспа басылымдарын шығару жоспарлануда. Соның бірі — 1928-1935 жылдардағы ұжымдастыру, отырықшыландыру және байлардың мал-мүлкін тәркілеу туралы. Тақырыпты толық ашу мақсатында мамандарымыз Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде, Қазақстан Республикасының Орталық Архивінде және Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архивінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көптеген құнды құжаттар мен фотоқұжаттар алынды.