Түркістанда жол апатынан қаза болғандар саны 66%-ға артқан

19

 

Түркістан облысында жол апатынан қаза болғандар саны 66 пайызға өскен. Жүргізушінің жол ережесін елемеуі салдарынан қаншама адам өмірімен қош айтысады дейді жауаптылар. Облыста үш ай ішінде 150 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 2 млрд. теңгеге жуық айыппұл салынған.

Дегенмен өңірде оң көрсеткіштер де бар. Мәселен, аса ауыр және ауыр қылмыстардың саны 14,3 %-ға, ауыр қылмыстардың – 15,1 %-ға, орта және ауыр емес қылмыстар 8,1 %- ға төмендеген. Ал қоғамдық орында жасалған қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 28 %- ға азайып отыр.

Бағланбек Айтбаев, Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары: «Бірінші тоқсанда облыс көлемінде 1412 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға азайған. Қылмыстың тіркелуі облысымызда 10 мың халыққа шаққандағы құқықбұзушылық деңгейі 27 қылмысты құрады».

Өркен Сейітов, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетттің Түркістан облысы бойынша басқарма бастығы: «Көрсетілген кезеңде облысымызда қылмыстық құқық бұзушылықтың тіркелу саны 12 пайызға азайғанымен, Отырар, Сарыағаш, Төлеби, Жетісай аудандарында өсіп отыр».

Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мәжілісінде бұл аудандардағы көрсеткішті азайту мәселесі пысықталды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды әкімдерге полиция органдарымен бірлесіп бір апта ішінде қылмыстардың алдын алу үшін нақты іс-шара жоспарын әзірлеп, ұсынуды тапсырды. Жалпы өңірде бұл бағытта бірқатар шаралар қабылданып, жүйелі жоспар бойынша жұмыс атқарылып жатыр.

Асылхан Төреханов, Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы: «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан облысының аумағында пилоттық жобаны масштабтау мақсатында барлық қала, аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топтар құрылды. Сонымен қатар ағымдағы жылдың сәуір айының 3 жұлдызында Түркістан қаласы әкімдігі жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тобы құрылып, топ мүшелері қаладағы 2022-2023 жылдардағы қылмыстарды сектор бойынша бөліп, саралау үстінде».

Бірақ облыс басшысы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды сынға алды. Өйткені, әлі күнге дейін кейбір өңірлерде кәмелетке толмағандар арасында орын алған қылмыс көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті шаралар қабылдап, қоғамдық бақылауды күшейтуді тапысрды.