«Денсаулық» спорт кешені ел игілігіне берілді

144

Шымкентте қайта жөндеуден өткен «Денсаулық» спорт кешені халық игілігіне берілді. Жарты ғасырлық тарихы бар нысан қаламыздағы бірден бір ашық аспан астындағы бассейн. Ашылу салтанаты жүзуден жастар арасындағы республикалық турнирге ұласты. Сайысқа еліміздің 13 өңірінен 400-ге тарта спортшы қатысып жатыр.

Үшінші мегаполисте ашық аспан астындағы бірден бір бассейн ел игілігіне берілді. 56 жылдық тарихы бар орталық 3 жылдан бері бос тұрған еді. Күрделі жөндеуден өткен «Денсаулық» спорт кешенінің ашылу салтанаты жастар арасындағы республикалық турнирге ұласты. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар бірінші болып, су жаңа хауызда жүзу мүмкіндігіне ие болды.

Сағыныш Дүйсенбай, Астана қаласының спортшысы: «Шымкент маған қатты ұнады. Мұнда өте жылы. Бассейні үлкен, жақсы, ыңғайлы»

Сүйініш Нұрмахан, Атырау облысының спортшысы: «Мен өзімді әлемдег ең мықты спортшы сияқты сезініп тұрмын. Ал маған бассейн өте ұнады. Ыңғайлы екен, әрі үлкен»

300 орынға шақталған жаңа нысанның ашылу салтанатына шаһар басшысы арнайы келіп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бұқаралық спортты қолдау мақсатында «Денсаулық» спорт кешенін күрделі жөндеуден өткізіп, ел игілігіне тапсырып отырмыз. Қаламызда 1000-нан аса спортшы кәсіби түрде жүзумен шұғылданады. Жаңа спорт кешені жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, ынталандырады деп сенеміз. Бүгінгі турнирге еліміздің барлық турнирінен 368 спортшы қатысып отыр. Барлық қатысушыға сәттілік тілей отырып, республикалық турнирді ашық деп жариялаймын»

Модернизациядан өткен «Денсаулық» спорт кешені Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне тиесілі. Балалар күні қарсаңында пайдалануға берілген бассейіннің ұзындығы 50 метрді құрайды. Мұнда оқушыдан бастап, барлық қала тұрғыны жүзумен айналыса алады. Ал білім ордасының ректоры спортты дамыту мақсатында жүзу мамандығы ашылғанын айтады.

Дария Қожамжарова, М. Әуезов атындағы ОҚУ-нің ректоры: «Балалар күні қарсаңында «Денсаулық» спорт кешенін қайта күрделі жөндеуден өткіздік. Кешен 1967 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біздің атаулы күнде 2 жаңалығымыз бар. Бірі осы өз қаржымызға модернизациядан өткізген бассейн болса, екіншісі жүзу мамандығын ашып жатырмыз»

Спорт кешені таңғы 7-ден кешке дейін үздіксіз жұмыс істейді. Мұнда тұрғындар ашық аспан астында, еркін жүзу мүмкіндігіне ие болмақ.