Ерікті: «Ұйымның арқасында өз ортамды тауып, жан-жақты дамып жатырмын»

55

Шымкентте волонтерлік ұйымдардың көшбасшыларына арналған жазғы мектеп ұйымдастырылды. 13-14 маусым аралығында өткен шараға 100-ге жуық ерікті жас қатысты. Екі күндік лагерьде еріктілер тұлғалық қабілеттерін дамытуға арналған семинар-тренингтерден өтті.

Көтеріңкі көңіл-күй, жаңа таныстық пен таулы аймақтағы ерекше атмосфера үздік еріктілердің бүгінгі кешін сипаттап тұр. Шымкент қаласының жалынды жастарының басын біріктірген мұндай шараға 2 — курс студенті Наурызбек Қамбарбек алғаш рет қатысып отыр. Екі жылдан бері волонтерлік қызметте жүрген ерікті, бұл басқосудан керемет әсер алғанын айтады.

Наурызбек Қамбарбек, ерікті: «Өте керемет шыны керек, өзіміздің сезімімізді жеткізе алмай жатырмыз. Өйткені таңнан бері ұйымдастырылып жатқан шараға бізге бір ерекше атмосфера мен сезім беруде. Мен өзімнің ортамды, өзімнің атмосферамды, өзімнің достарымның барлығын осы ұйымдардан таптым, жалпы қазіргі таңда сол ұйым арқылы барлық жағынан дамып келе жатырмын».

«Биыл бұл волонтерлік ұйымдардың көшбасшыларына арналған іс-шара 3-ші рет ұйымдастырылып отыр. Мұндағы мақсат – жастарды қайырымды болуға үйрету, қаладағы еріктілердің санын көбейту, жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру»,-  дейді ұйымдастырушылар. Айта кетейік, қазір Шымкентте 15 мыңға жуық ерікті мен 12 волонтерлік ұйымдары жұмыс істейді.

Мағжан Исахов, «Жастар ресурстық орталығының»  басшысы: «Ертеңгі күні төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесе отырып, төтенше жағдай кезінде ерікті жастар қандай сақтық шараларын қолдану қажет, қандай іс-әрекет жасау керек сол бағыт бойынша сабақтар ұйымдастырылатын болады».

Спорттық сайыстар, тауға серуен, кешкі уақытта отты алау жағу – еріктілердің осы жазғы демалыстағы жоспары. Бұдан бөлек, волонтерлер демалыстың екінші күнінде төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы мамандардан арнайы сабақ алмақ.