Қандастарға «Ата жолы» картасын беру мерзімі белгілі болды

47
Қандастарымыз бас қосты

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастарға арналған «Ата жолы» картасын беру мерзімін жариялады. Бастаманың негізгі мақсаты – қандастардың ішінен кәсіпқой әрі табысты бизнесмендерді тарту. Олар шетелдегі азаматтығын сақтап, Қазақстанда 10 жыл бойы тұруға рұқсат алады.

«2023 жылдың шілдесінен бастап өзге елде тұратын этникалық қазақтар «Ата жолы» картасын алып, Қазақстанға оңайлатылған кіру мүмкіндігін пайдалана алады», – дейді министрлік мамандары.
«Ата жолы» картасының иегері басқа елдің азаматы бола тұра, қазақстандықтармен де, көшіп келген кандастарымен де тең құқықтарға ие болады.
Олар:

медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде әлеуметтік төлемдер мен қызмет көрсету;

ҚР Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес Қазақстан аумағында жұмысқа орналасу;

Қазақстан аумағында Кәсіпкерлік кодекске және өзге де құқықтық актілеріне сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;

«Білім туралы» заңға сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім, мемлекеттік орта арнаулы және/немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін орта арнаулы және/немесе жоғары білім алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алу;

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу;

Қазақстан Республикасының азаматтығы саласындағы халықаралық шарттарға және ҚР заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын пайдалану;

«Ата жолы» картасының иегерлері Қазақстанның мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ және мемлекеттік қызметке кіре алмайды. Ал Қазақстан азаматтығын алса, картасы жарамсыз болып танылады.
Карта иегерлері еңбек қызметін жүзеге асыру немесе бизнес жүргізу үшін қоныстану өңірін өздері таңдайды.