Қазақ тілін емделушілерінен үйренген дәрігер

100

Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық клиникалық ауруханада қазақша еркін сөйлейтін кәріс ұлтының өкілі жұмыс істейді. Сөзінше қазақ тілін арнайы курс оқып емес науқастармен сөйлесу арқылы үйреніпті. Ол адамдарың тәнінен бөлек жанын да емдеуді борышы санайтын ақ халатты абзал жан. Вячеслав Ли қазақша еркін сөйлейтіндіктен науқастардың тілін тауып, олармен тез түсінісе алады. Оның облыстағы клиникалық ауруханаға жұмысқа тұрғанына көп болмаған. Көпшіл мінезді білікті маман 10 жылдан астам тәжірибесі бар нефролог-дәрігер.

Вячеслав Ли, дәрігер

«Мен мектепті де, институтты да орысша оқыдым. Тіл үйрену үшін курсқа бармадым. Жұмысқа орналасқан соң, күнде науқастармен және әріптестеріммен қазақша сөйлестім. Сол үшін тез үйреніп кеттім. Мен Қазақстанда тұрған барлық адам қазақша білу керек деп ойлаймын».

Лидің сөзінше медицина саласында еңбек ету үшін тек білікті дәрігер болу жеткіліксіз. Оның бойында алдына келген әр адамның тәні мен қоса жанын да емдей алатын қабілеті болу керек. Мұндай қасиеттің маңызды екенін оның емделушілері де айтып отыр.

Ернар Шойымбет, емделуші

«Вячеслав ағай таңғы сағат 8:00-де бөлмеге келеді. Ол кісі дәрігерлік кеңесінен бөлек, түрлі қызықты әңгімелер де айтып, көңіл-күйімді көтеріп қояды. Осы қасиетін қатты жақсы көремін. Ауырып жатқан адамға мұндай қарым-қатынас көрсету өте маңызды екен. Сол үшін де сыйлаймын».

Жұмысына асқан жауапкершілік танытатын Лидің әріптестері алдында да мерейі үстем. Ұжымдастары оның бұл қасиетінен үлгі аламыз дейді.

Болатбек Өтебеков, Вячеславтың әріптесі

«Мен ол кісіні өте білікті маман деп ауыз толтырып айта аламын. Дәрігер мамандығы жауапкершілікті қатты талап ететін сала. Ал ол кісі өте жауапты адам. Сондықтан үйренеріміз көп».

Айта кетейік, ол дәрігерлік тәжірибесінде бүйрек алмастыру сынды бірнеше күрделі ота жасауға да қатысқан. Ли адам жанының арашасы болу асқан жауапкершілікті талап ететінін ұмытпау керек екенін жеткізді.