Орыс ұлтының өкілі қазақ тілін үйретеді

133

«Қазақ тілінен сабақ беру-бала күнгі арманым». Осылай деген Кристина Бойко бүгін мақсатына бір қадам жақындады. Мектеп қабырғасында іс-тәжірибеден өтіп жатқан студент мемлекеттік тілді қалай үйренгенін және бұл мамандықты таңдауына не себеп болғанын айтып берді.

Бұл Кристинаның бала күнгі арманы. Ұстаз болуды мақсат еткен орыс ұлтының өкілі бүгінде шәкірттерге қазақ тілін үйретіп жүр. Биыл алғаш рет мектеп қабырғасына келіп, іс тәжірибеден өтуде. Бойжеткеннің сөзінше, мемлекеттік тілді барша ҚР азаматы білуге міндетті. Ал өзі балабақшада жүріп-ақ үйреніп алыпты.

Кристина Бойко, ОҚМПУ-нің 2-курс студенті: «Менің ата-анам мені қазақ бала-бақшасына берген еді. Сол жерде қазақтың кішкентай ғана бүлдіршіндерімен араласу үшін маған қазақ тілін үйрену керек болды. Солай олармен араласып отырып жаймен үйреніп алдым. Қазіргі кезде университетімді жақсы деңгейде бітіріп, жұмыс орнына орналасып, сол жерде жұмыс жасап, қазақ тілін көркейтуге өзімнің үлесімді қосқым келеді».

Жүрегі қазақ деп соғатын бойжеткен ОҚМПУ-нің екінші курс студенті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімін даярлау мамандығында білім алуда. Бұл мамандықты таңдауына ата-анасының септігі тиген әрі өзінің ана тілге деген сүйіспеншілігі әсер еткен. Бүгінде 19 жасар Кристинаны көріп, орысша тіл қататындар қатары қалың екен. Бірақ, ол үнемі тек мемлекеттік тілде жауап қайтарамын дейді.

Кристина Бойко, ОҚМПУ-нің 2-курс студенті: «Жалпы ортамның барлығы қазақ болғандықтан кей жерлерде орыстың сөздерін ұмытып қалатын кездер де болады. Кей жерде акцентпен сөйлеп қаламын. Сол кезде ата-анам күледі. Мен бұған ешқашан да өкінген емеспін. Өкінбеймін де, қайта қатты мақтанамын, қуанамын қазақ тілін білгеніме».

Кристина Бойконың қатарластары да Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында іс-тәжірибеден өтуде. 3 мыңнан аса оқушысы бар бұл мекемеде барлық сынып қазақ тілінде білім алады. Мектеп директорының айтуынша, орыс ұлтының өкілі мемелекеттік тілде дәріс беруі алғаш рет кездесіп отыр дейді.

Алмас Қайыпов, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының директоры:
«Жалпы біздің мектепте іс-тәжірибеден өтетін студенттер өте көп. Бірнеше университеттерден келеді. Бірақ бүгінгі тәжірибе ерекше болып отыр. Өйткені, тарихымызда алғаш рет орыс ұлтының қызы дәстүрлі, этнопедагогика қалыптасқан мекемеге келіп қазақ тілінде сабақ беруі бізде алғаш рет орын алып жатыр. Кристина Андреевнаның алдағы уақыттағы жұмысына біз сәттілік тілейміз. Қолымыздан келгенше мекемедегі білікті мұғалімдеріміз студенттермен жұмыс жасайтын болады».

Айта кетейік, қазіргі таңда гимназияда жалпы саны 278 қызметкер жұмыс істейді. Оның барлығы мемлекеттік тілде дәріс өтеді. Ал 18-і нақты қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді екен. Мектеп басшысы бүгінде бұл мамандық бойынша кадр жеткілікті екенін айтты. Алайда, бос орын болған жағдайда эйчер платформасы арқылы конкурс жариялайды. Арнайы тестілеу мен әңгімелесуден жақсы өткен үміткер жұмысқа қабылданады.

                                                                                            Мөлдір Ибадуллаева