Шымкентте 19 маусым қала күні атап өтіледі. Атаулы датаға орай үшінші мегаполисте бірнеше нысан пайдалануға берілді. Олардың бірі, көпті күттірген 500 орындық замнауи Оқушылар сарайы. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған орталық бүгіннен бастап жұмысқа кірсті. Сонымен қатар, бүгін Саз мектебінің жаңа ғимараты да қолданысқа берілді.
Бассейн, интерактивті кітапхана, қыш жасау үйірмесі, 3D модельдеу және Lego кабинеті. Мұның бәрі енді шымкенттік оқушыларға қолжетімді болмақ. Қала күніне орай 500 орындық Оқушылар сарайы қолданысқа берілді. 4 ауысымда жұмыс істейтін заманауи ғимарат балалар шығармашылығын дамытуға жол ашады.
«Біз мұндай деңгейдегі оқушылар сарайын көрген емеспіз. Мен 20 елдің білім саласын көріп, танысып өттім. Ең дамыған елдің өзінде осындай оқушылар сарайы бар деп айта алмаймын».
Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру орталығы бірнеше секторға бөлінген. Мәселен ғылыми-техникалық секторда 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелері ашылады.
Ал көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау үйірмелері жұмыс істейді. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сондай-ақ, балалар мұнда футболға баскетбол мен волейболға қатысып, воркаут алаңында дене шынықтыра алады.
Бассейнде жүзуді үйреніп, күрес, жекпе-жек, үстел теннисі ойындарының залдарында шынығуға мүмкіндік қарастырылған. Ең бастысы орталық ақысыз қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, балалардың қоғамдық ортамен етене араласуын қамтамасыз ету мақсатында әрі интелектуалды ой-өрісін дамыту үшін арнайы дебат сыныбы да ашылған. Мұнда балалар сөз өнерін жетік меңгеріп, өз ойын ашық жеткізуге дағдыланады.
Біржан Байтуов, айтыскер-ақын: «Балалар бұл жерде топ болып, сөйлемдерін, өзінің ойын екі жаққа бөлініп өздерінің идеясын талқылайды. Және оны дәлелдеп шығады».
Жаңа ғимаратты аралап көрген қала әкімі алдағы уақытта әр ауданда заманауи оқушылар сарайы ашылатынын жеткізді. Өйткені, мұндай орталықтар жас буынның шығармашылығын шыңдап, жан-жақты дамуына жол ашады дейді. Жоспар бойынша үшінші мегаполисте 2025-2026 жылдарға дейін тағы 3 өнер мектебін салу көзделіп отыр.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Біздің алдағы ең бірінші мақсатымыз-біздегі әрбір ауданда өзінің инфрақұрылымы болса, өзінің осындай мектеп сарайлары болса, оқушылар сарайы, спорт сарайы деген сияқты. Тұрғындар екінші ауданға жүгінбеуі керек. Осындай инфрақұрылым салу үшін біз алдын ала бірінші кезде инженерлік инфрақұрылымды жасап алдық, экономиканы өсіріп алдық, әр жыл сайын ақшамыз да пайда болып жатыр».
Сонымен қатар, қала күніне орай саз мектебінің жаңа ғимараты да пайдалануға берілді. Мұнда балалар мектептен тыс қосымша білімін жетілдіріп, ерекше қабілетін шыңдай алады. Мәселен, оркестрге арналған ұлттық саз аспаптар мен үрмелі аспаптар класы оқушыларды музыкаға бейімдейді.
Одан бөлек, мектепте домбыра, қобыз, саксофон, флейта, рубаб кластарымен бірге фортепиано, хореография, вокал, көркемсурет пен хор орындау сыныптары да қарастырылған.
Шынар Бауыржанқызы, мектеп оқушысы: «Мектеп өте керемет. Жақсы жағдай жасалған. Бәрі күшті. Ұстаздарымыз да бізді алға жетелеп жүреді».
Үш қабатты ғимарат жоғары сапалы техникамен жабдықталған. Музыкалық аспаптар арнайы Германия зауытынан тапсырыспен алынады. Ал би өнеріне арналған кең әрі заманауи зал 150 шаршы метрді құрайды.
Айта кетейік, жаңа Саз мектебі 1958 жылы іргетасы қаланған бұрынғы музыкалық мектебінің негізінде қайтадан тұрғызылды. Жаңа ғимаратта қазір 1 164 бала музыкалық білім алады. Қыркүйек айынан бастап тағы 500 оқушыны қабылдау жоспарланған.
Мөлдір Ибадуллаева