Шымкентте құлпынай өсіруге бағытталған екі ауқымды жоба қолға алынды

48
фото Егемен

 

Соңғы жылдары шаһарда жылыжай шаруашылығына қызығушылық артып келеді. Қазіргі таңда, қала аумағында 209 гектар жылыжай кешені бар, оның 71 гектары өнеркәсіптік жылыжайларға тиесілі. Аталған кешендерден жылына шамамен 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және тағы басқа да көкөніс түрлері өндіріліп, ішкі және сыртқы нарыққа саудаланып жатыр.

Кәсіпкерлердің бұл салаға қызығуына тағы бір себеп – мемлекеттің қолдауы. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде өнеркәсіптік жылыжай шығынының 25%-ы мемлекет тарапынан төленеді. Одан бөлек, төмен пайызды несиелеу бағдарламасы да кәсіпкерлерге қолдау болып отыр. Сондай-ақ, өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламасы шеңберінде сатып алынған тұқымдар мен тыңайтқыштарға жұмсалған шығынның 50%-ына дейінгісін мемлекет тарапынан өтеу қарастырылған.

Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринариялық басқармасының дерегіне сүйенсек, 2023 жылы құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын 2 жылыжай («Отан агро» ЖШС, ЖК «Татьяна») кешендерінің жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Аталған жылыжай кешендерінен жылына 800 тонна құлпынай мен көкөністер өндіріліп, 30-дан астам адам жұмыспен қамтылатын болады.

Қазіргі уақытта құлпынай өнімдерінің 70-90% жеке қосалқы шаруашылықтарда егіледі. Алайда, олар заманауи технологияларды қолданбауынан өнім көлемі көп емес. Әрі ұсақ шаруалар өнімді маусымаралық мерзімде ғана өсіреді. Негізінен Қазақстан бойынша құлпынай бизнесі дамымағандықтан нарықта көбінесе сауда сөрелерін импорттық құлпынайлар жаулап тұр. Мамандар бүгінде бұл мәселені шешуде жидек дақылдарының, оның ішінде бақша құлпынайының ассортиментін кеңейту және өнімділігін арттыруда осындай үлкен жобаларды қолға алып отыр. Ірі жобалар арқылы қала халқын отандық өніммен қамту мүмкіндігі арттырады, дейді жауаптылар.