Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде «Су ресустары–Маркетинг» ЖШС-нің суды таратушы желілер арқылы беру және сарқынды суларды бұру қызметтері бойынша «2023-2026 жылдарға арналған тарифтер және тарифтік сметалар жобасы» қаралуда.
Жария тыңдаудағы тартысты талқылауда серіктестік басшысы ұсынысын жеткізді. Жоба бойынша суға орташа есеппен 1,52 пайыз өсім, кәріз жүйесіне 30,67 пайыз өсім қаралған.
Республикада суға ең қымбат тариф Ақтауда, сосын Қарағанды, үшінші орында Шымкент қаласы деп статистиканы келтірді департмент басшысы.
«Біздің департамент екі мемлекеттік органдардың қорытындысы бойынша шешім қабылдайды. 1 миллион халықтың пікірі де маңызды. Әкім халықпен кездесулерде кәріз жүйесінің 47 пайызға тозығы жеткенімен келісіп, кәріз жүйесі тарифін орташа есеппен 30 пайызға көтеру жөнінде келісіп отыр,-» дейді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дархан Қаинбердиев.
Исмаилбек Шалабаев, Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі: «Тариф мәселесінде әкім қысым жасамауы керек. Егерде су тарифі 10 пайызға көтерілсе, 2-3 теңге қосылады екен. Біз осы шешімді қолдасақ, менің ойымша сала министрлігі де түсіністік танытады. Кейін «давление» бергенде құбырлар жарылса, апат орын алғанда ғана әрекеттену керек пе? Неге соның алдын алмасқа?».
Суға, кәріз жүйесіне тарифті көтеру бойынша монополист субъектісінің өтінімі заң бойынша жария тыңдауларда қаралады, оны бекіту бойынша шешім бір айда қабылданады.