Түркістан облысында 170 миллион ағаш отырғызылады. Осылайша, 2025 жылға дейін облыста шөлейт аймақтар жасыл желекке айналады. Олардың бірі Созақ ауданы. Қазірдің өзінде бұл аумақ экологиялық аймақ деп аталады.
Өткен жылы онда жасыл белдеу құрылып, он мыңдаған жас ағаштар мен бұталар тамыр жайды. Көктемде тағы 18 мың көшет отырғызылды. Мамандардың сөзінше, ыстық климатқа төзімді өсімдіктер жартылай шөлейтте жақсы өседі әрі болашақта аймақтың экологиялық ахуалын жақсартады.
Шолаққорған-Түркістан тас жолының екі жағы жасыл желекке көмкеріліп, құлпырып тұр. Мұнда жыл сайын мыңдаған көшет отырғызылады. Өткен көктемнің өзінде мұнда 2,5 мың қарағаш тамыр жайды. Бұл ең алдымен жергілікті тұрғындарды қуантады.
Жұмағұл Жолдыбайұлы, Шолаққорған ауылының тұрғыны: «Біздің Созақ ауданы мен Шолаққорған ауылы экологиялық аймаққа жатады. Сондықтан жасыл желек отырғызу міндетті. Енді алдағы уақытта осындай игі іске мән беру керек. Бұл үшін бізге болашақ ұрпақ алғыс айтады».
Жартылай шөлейт жағдайында өсімдіктер аз өмір сүреді. Сондықтан отырғызу кезеңінде шөлге бейімді бұта мен ағаштардың түрлеріне басымдық беріледі. Сондай-ақ жайқалып өсуі үшін тамшылатып суару әдісі қолданылады. Ал жас көшеттерді жан-жануардан қорғау мақсатында қоршауға алынады.
Ербол Аманов, Созақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлім басшысының орынбасары: «Келесі күзде жасыл желектерді отырғызуды жалғастырамыз. Көшеттер қиын жағдайымызға бейімделеді деп сенемін. Оларды аптасына бір рет немесе тамшылатып суару арқылы 3 күнде бір рет суару жеткілікті. Төзімділіктің арқасында мұндай өсімдіктер жүз пайыз тамыр алады».
Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін Қазақстанда 2 миллиард ағаш пен бұта отырғызуды тапсырды. Оның 170 млн Түркістан облысына тиесілі. Бұл жүз мың гектардан астам жартылай шөлейтті жерлерді көгалдандыруға мүмкіндік береді.
Қайрат Абдуәлиев, Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: «2021 және 2022 жылдары ауданда 450 мыңнан астам көшет отырғызылды. 30 мың гектардан астам шөлейтті аумақтарды көгалдандыруға мүмкіндік туды. Биылғы жылдың соңына дейін тағы да 20 мың гектар жерді жасыл қормен қамтуды жоспарлап отырмыз».
Бұл ретте абаттандыру бағдарламасы 900 елді мекенді де қамтиды. Алдағы 3 жылда мұнда төрт миллион жас ағаштар мен бұталар отырғызылады деп жоспарланып отыр.