Түркістанда 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған тарихи-танымдық және еске алу іс-шарасы өтті. Онда өңір басшысы солақай саясаттың құрбаны болған жандарды ақтауға атсалысып жүрген мамандарды жинап, ұсыныс-пікірін тыңдады. Сонымен қатар, өткен ғасырда қуғынға ұшыраған жерлестеріміз жайындағы жаңа жинақтардың таныстырылымы өтті.
Түркістан облысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша 33 томдық материал жинақталды. Сонымен қатар оңтүстік өңірден шыққан 5 мыңнан аса азаматты ақтауға ұсыныс жіберілген. Бүгін күнгей өңірде атаулы датаға орай қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы ұйымдастырылды.
Гүлнар Шардарбекова, «Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві» мекемесінің басшысы: “Түркістан өңірінен саяси қуғынға ұшырап, жазықсыз жапа шеккен 5184 азамат туралы деректер анықталып, құқықтық түрде ақтауға ұсынылды. Олардың 3090-ы бай-кулактар. Бостандық көтерілісіне қатысқандар туралы да деректер жиналған. Аудан, қалаларда саяси қуғын-сүргін құрбандарынан естеліктер жинақталып жатыр”
Жиын барысында мамандар солақай саясат құрбандарына тағзым жасайтын арнайы шейіттер аллеясын ашуға ұсыныс тастады.
Досай Кенжетай, философиясы ғылымдарының докторы: “Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңында бір шейіттер аллеясын жасасақ. Жастар, келген туристер көрсе, жастар рух жинаса деген ойдамыз. Кесене маңында молдалар атылған деген деректер бар. Соларды еске алу ретінде салынса деген ойымыз бар”
Түркістан өлкесіндегі «Алаш» қозғалысы мен қайраткерлері, Созақ, Бостандық көтерілістеріне, Шаян оқиғасына қатысты мәліметтер зерттеліп жатыр. Ғалымдар Өзбекстан, Тәжікстан архивтері мен кітапханаларында, ҚР Президентінің архивінде, ҚР Орталық және облыстық, аудандық архивтерде жұмыс жүргізуде. Зерттеу нәтижесін бақылаған өңір басшысы, мамандардың ұсынысын орындауға үлес қосатынын жеткізді.
Дархан Сатыболды, Түркістан облысының әкімі: “Тәуелсіздік бізге үздіксіз күрес нәтижесінде, мыңдаған құрбанның жанкештілігінің арқасында келді. Сондықтан біз ұлт үшін шейіт болған қайраткерлерді, тұлғаларды, ашаршылық құрбандарын, өткен тарихымызды ұмытпауымыз керек. Бұл ретте Түркістанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған мемориалдық кешен ашу құптарлық іс болмақ. Бұл ұсынысты талқылап, жұмыс атқарамыз”
Қазір Түркістан облысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясы екі жылдан астам уақыттан бері 9 бағыт бойынша жұмыс жүргізген. Нәтижесінде 6 құжат мен мақалалар жинағы, 1 ақтауға ұсынылғандар тізімі, 1 монография шығарылды.