Ұлттық спортпен шұғылданушылардың үлесі артып келеді

33
фото Арғымақ.кз

 

Шымкент қаласында қазіргі таңда 498 852 адам (42 %) дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Оның ішінде ұлттық спорт түрлерімен шұғылданушы спортшылар саны 20 742 адамға жетті. Бұл жалпы спортпен шұғылданушылардың 4.1 пайызы.

Шаһарда ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттап, дамыту, спортшыларды жоғары жетістіктерге жеткізу мақсатында қаланың ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы жұмыс істейді. Онда спорттың 10 түрі (қазақ күресі, тоғызқұмалақ , асық ату, аударыcпақ, жекпе-жек, жамбы ату, конкур, көкпар, теңге ілу, бәйге) қамтылған. Клубтағы 10 спорт бөлімі бойынша 54 оқытушы-жаттықтырушы 1082 спортшыға оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында биыл заманауи үлгідегі «Жаңа ипподром құрылысы» аяқталып, пайдалануға берілді.

Шымкент қаласының заманауи атшабарының ашылуына және «Наурыз – Шымкенттен басталады» атты мерекеге орай 9 спорт түрінен «GREAT QAZAQ GAMES» ұлттық ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған еліміздің өңірлерінен және шет елдерден жалпы 1000-нан аса спортшы қатысты.

Сондай-ақ, қалада қазақ күресінен «Шымкент Барысы» іріктеу жарысы, көкпар, бәйге, аударыспақ, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату, асық ату, ұлттық жекпе-жек және тағы басқа ұлттық спорт түрлерінен ҚР чемпионаттары мен республикалық, қалалық жарыстар өтті. «Жастар лигасы» ауқымды спорттық іс-шарасының бағдарламасына «Тоғызқұмалақ» ұлттық спорт түрі енгізілген.
Ат спортын дамыту үшін алда 10 жылқы және қажетті спорттық құрал-жабдықтарды сатып алу жоспарланып отыр.