Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның Шымкент жұмыс тобы аудандық архивтерге экспедицияға жолға шықты. Экспедицияның алғашқы бекеті Шымкент қаласына жер аумағы қосылған Төлеби ауданының архиві болды.
Аудандық архив 1992 жылы құрылған. Осыған байланысты қуғын-сүргін мәселелері бойынша түзілген құжаттар бұл архив қорларына сақтауға берілмегендігі анықталды. Дегенмен, экспедиция құрамындағы зерттеушілер Г. Жанысбекова, Г. Орынбасарова, Ж. Таштанов, Г. Нарымбет және Ж.Әшим ізденістерінің нәтижесінде 100-ге жуық парақ құжат материалдары табылып, көшірмесі алынды. Зерттеушілер осы құжаттарға ғылыми талдама жүргізуді жоспарлап отыр. Экспедицияның мүшелері сонымен қатар, Сайрам, Ордабасы аудандарының архивтерінде де жұмыс істеуге ниетті.
Шымкент қаласының соңғы рет бекітілген Бас жоспарына сәйкес, мегаполиске іргелес жатқан аудандар: Төлеби, Сайрам, Ордабасыдан 40 елдімекен қала аумағына қосылған болатын.