4 күн бұрын суға кеткен 2 азаматтың денесі табылды

80

Сырдария өзеніне батып кеткен 2 азаматтың мәйіті табылды. Олардың денесін ағыс 10-15 шақырым жерге дейін ағызып алып кеткен. Ал Түркістан облысында жыл басынан бері суға кетудің 30 жағдайы тіркелген. Оның басым бөлігі балалар. Сондықтан ТЖД-і шомылу маусымында сақ болуға шақырады.

Осыдан 4 күн бұрын Сырдария өзеніне ағып кеткен 2 азаматтың мәйіті табылды. 1984 жылғы жігіттің денесі 3 шілде кешкі сағат 19:35-те судан шығарылды. Оның денесі 10 шақырым жерге ағып кеткен. Ал 17 жасар жасөспірімді бүгін ТЖ қызметкерлері жоғалған жерден 15 шақырым ары аймақтан шығарып алды.

Оразбай Айтқұлов, ТО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының м.у.а: «Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 4 шілде күні 2 азаматтың мәйіті судан шығарылды. Жалпы құтқару жұмыстарына ТЖД-нен 10 жеке құрам, 2 жүзу құралы және 2 бірлік техника, ДП-нен 2 жеке құрам және 1 бірлік техника және туыстарынан 10 адам жұмылдырылды».

Биыл Түркістан облысында 30 суға кету оқиғасы тіркелген. Мамандардың сөзінше оның 24-і кәмелетке толмаған балалар. Ал былтыр алты айтың ішінде 31 адам су айдынында қаза тапқан. Сондықтан ТЖД қызметкерлері шомылу маусымы кезінде барынша сақ болуға шақырды.

Оразбай Айтқұлов, ТО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының м.у.а: «ТО ТЖД демалыс орындарында, су айдындарында жас балаларды қараусыз қалдырмай, шомылу кезінде қатаң қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеміз».

Өңірде 111 шомылуға тыйым салынған аймақ бекітілген. Оның бәрі де өткен жылдары орын алған суға кету фактілеріне байланысты тізімге енген. Қазір ол учаскелерде 256 тыйым салу белгісі қойылған.

Ал облыс бойынша небәрі 4 қана жағажайда шомылуға рұқсат етілген. Олар Арыс өзені, Шардара су қоймасындағы «Алтын жағажай» демалыс орны, Сауран ауданындағы Шаға көлі.