Әлем чемпионатының жеңімпазына арнайы сертификат табысталды

33

Италияның Ауронцо қаласында өткен жастар арасында байдарка мен каноэ есуден Әлем чемпионатының жеңімпазы Руфина Искакова туған жерге оралды. Шымкент әуежайынан жеңімпаз спортшыны ата-анасы, спорт мектебі басшылары, жанкүйерлері зор қошеметпен күтіп алды.

Іс-шарада қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов әлем чемпионын құттықтап, сайыстың маңызын атап өтті.

«Шымкент қаласы спортында тағы бір үлкен жетістік. Руфина бүкіл әлемге Қазақ елін, одан қала берді Шымкенттің атын әйгіледі. Спорт – қазіргі таңда маңызды салалардың бірі. Спорттық жетістіктер елдің әлеуетін паш етеді. Осындай чемпионды тәрбиелеген ата-анасына, бапкерлеріне алғыс айтамыз. Алда әлем чемпионаты, Азия ойындары келе жатыр. Басты мақсат – Олимпиада ойындарына жолдама алу. Сол бәсекелерде сәттілік тілейміз», – деді Б.Нарымбетов.

Шымкент қаласының спортшысы Р. Искакова 23 жасқа дейінгілер арасында С-1 санатында 5000 метрлік сайыста 30:18.59 секунд көрсеткішпен үздік атанды. Сонымен қатар, 1000 метрлік сайыста күміс жүлде жеңіп алды. Әлемнің үздіктері жиналған додаға 65 елден 938 спортшы қатысты. Осы сында еліміздің спортшылары жалпы 5 медальға ие болды.

Іс-шарада жастар арасында әлем чемпионы қолдау көрсеткен баршаға рақметін айтып, келесі лицензиялық жарыстарға, әлем чемпионатына дайындыққа кірісетінін жеткізді.

Араға аз уақыт салып, қала әкімінің орынбасары әлем чемпионын марапаттады. Италияның Ауронцо-ди-Кадоре қаласында өткен жастар арасында байдарка мен каноэ есуден әлем чемпионатының жеңімпазы Руфина Искаковаға және жаттықтырушысына қала әкімінің орынбасары Исахов Мақсұт Пернебайұлы мен дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұманбаев Бауыржан Қалмұхамедұлы, сондай-ақ байдарка және каноэ есуден федерация президенті Нұрғазы Бұқарбаев пен №4 Тәжиев атындағы ОРМБЖСМ директоры Бақыт Жақсығұлов құттықтап, арнайы сертификат табыстады.

«Спорт – қазіргі таңда маңызды салалардың бірі. Спорттық жетістіктер елдің әлеуетін паш етеді. Осындай чемпионды тәрбиелеген ата-анасына, бапкерлеріне алғыс айтамыз. Алда әлем чемпионаты, Азия ойындары келе жатыр. Басты мақсат – Олимпиада ойындарына жолдама алу. Сол бәсекелерде сәттілік тілейміз», – деді М. Исахов.

Айта кетейік, Шымкент қаласының спортшысы Р. Искакова жоғары көрсеткішпен үздік атанды. Сонымен қатар, 1000 метрлік сайыста күміс жүлде жеңіп алды.