Шымкенттік оқушылар республикалық байқауда топ жарды

50

Жуырда Оқу-ағарту министрлігінің “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен “Алматы облысының білім басқармасы” мемлекеттік мекемесінің “Жас дарын” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығы бірлесіп өткізетін республикалық «Мұқағали Мақатаев оқулары» байқауы өз мәресіне жетті.

Нәтижесінде, “Көкірегімде жыр сәулесі маздайды” номинациясы бойынша Шымкент қаласындағы Т. Рысқұлов атындағы № 25 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Ермахан Шұғыла «Бас жүлде» иеленді. Үшінші мегаполистің абыройын аспандатып жүрген оқушылардың қатары толыға түсуде. Одан бөлек, жуырда 9-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық V «Абайтану» олимпиадасының үшінші қорытынды кезеңі Алматы қаласында Абай атындағы РММИ базасында өткен болатын.

Олимпиада екі айналым бойынша яғни, бірінші айналымда Абайдың қарасөздері мен поэзиясы негізінде эссе жазу, 2-айналым Абай өмірі мен шығармашылығы жайлы тапсырмалар орындау болатын.

Олимпиадаға Шымкент қаласы атынан 6 оқушы және желілік «Абай мектебінен» 3 оқушы қатысты. Атап айта кетсек, Әбдіашим Амина Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы, Айтбек Аружан Ө.Жәнібеков атындағы №19 жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы, Қадырбек Таңсұлу №83 жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы, Өсерханова Ақбота №80 IT мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы, Тұрсынбай Нұрай Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы, Жеткерген Даниал «№1 TALANT» жалпы білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы, №90 ДБАМ мектеп-гимназиясынан Жимбай Нұрмұхамед 9-сынып, Ильясова Лаура 10-сынып, Тайжанова Аруназ 11-сынып оқушылары білім бәсекесіне түсіп, нәтижесінде 4 жүлделі орынды иеленді.

І орын – Тұрсынбай Нұрай Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы,
ІІ орын – Қадырбек Таңсұлу №83 жалпы орта білім беретін мектебі,
ІІ орын – Жеткерген Даниал «№1 TALANT» мектебі 11-сынып,
ІІІ орын – Өсерханова Ақбота №80 IT мектеп-лицейі оқушылары жүлделі орындарымен марапатталып, қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Шымкенттің мақтаныштары болашақта биік белестерді бағындыратынына сенім мол.