Тұран ауданындағы Оқушылар сарайының құрылысы келесі жылы аяқталады

15

 Шымкенттегі Тұран шағынауданында Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге құрылыс алаңында болып, жұмыс қарқынын қадағалады.

Заманауи талапқа сай бой көтеретін ғимаратта оқушылардың сабақтан тыс уақытта әр түрлі үйірмелерде шығармашылық, спорттық, ғылыми, мәдени бағытта дамуына барлық жағдай жасалады. 3 блоктан тұратын 3 қабатты ғимараттың жалпы сыйымдылығы 500 орындық. Жобада 35 орынға арналған асхана, 80 көлікке арналған автотұрағы қарастырылған.
 Құрылысы мамыр айында басталған ғимарат жоспарға сай келесі жылы қолданысқа беріледі. Құрылыс жұмыстарына әзірге 50 адам 4 техника жұмылдырылып отыр. Осыған дейін мұнда жер қазылып, іргетасының жартысынан астамы құйылған. Қазір қабырғалар тұрғызылып, бағаналар орнатыла бастады.
 М. Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыстың өндірістік кестеге сай жүргізілуін бақылауға алып, сапасыздыққа жол бермес үшін жұмыс барысында тиісті талаптарды назарға алу қажеттігін ескертті.
 Айта кетейік, қалада 2025 жылға дейін тағы 3 оқушылар сарайы мен 8 өнер мектебі салынады. Бұл орталықтар өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда, жан-жақты дамытуда маңызы зор.
Қалада басқа да құрылыстар қызу жүргізілуде. Соның бірі қаламыздағы Ә.Қастеев атындағы өнер және дизаин колледжінің іргесі қаланғанына биыл 50 жыл толды. Төл тарихымен бірге рухани құндылықтар қатарын толықтырып келе жатқан өзіндік орны бар оқу орны елімізге елеулі тұлғаларды білім нәрімен сусындатып шығарды. Айта кетейік, айтулы колледждің бес қабаттан тұратын жатақханасы 1974 жылы салынған, 420 орындық ғимаратта қазір 539 оқушы қоныстанған.
 Өткен жылы жатақханаға күрделі жөндеу туралы жоспар құрылып, биыл құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Студенттердің жазғы демалыс сәтінде қызу қолға алған күрделі жөндеу жұмыстарын бақылап, бағамдауға қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы келді. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айынан бастап жүргізілді. Жоспар бойынша биылғы жылдың қараша айында бітуі тиіс.
Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Әсіресе, шатыр мен жертөлеге қатысты ескертпелер айтылды. Бастысы колледж студенттеріне жайлы жағдай жасау, жоспар бойынша екінші тоқсанның аяғында білім алушылар жаңа жатақхананың игілігін көрмек.