Қазақстандық электротехникалық жабдықтардың жетекші өндірушісі «Alageum Electric» компаниясың құрамына кіретін кәсіпорындарының базасында Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ «Энергетика» және «Машина жасау» кафедраларының филиалы салтанатты түрде ашылды. Жоба екі тарап арасындағы меморандум аясында жүзеге асып отыр. Енді университет студенттері кәсіпорында тәжірибелерін шыңдай алады. Сонымен қатар, айтулы бастама аясында жас мамандарды жұмысқа орналасу мүмкіндігі де қарастырылған.
Қазақстандық электротехникалық жабдықтардың жетекші өндірушісі «Alageum Electric» компаниясың құрамына кіретін Шымкенттегі «Asia Trafo» трансформатор зауытында енді ҚазҰТЗУ студенттері де тәжірибеден өте алады. «Asia Trafo» компаниясына білім алушылардың біліктілігін шыңдау үшін осымен екінші жоғары оқу орны ұсыныс білдіріп отыр.
Осы мақсатта Қ.Сәтбаев атындағы университет делегациясы үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келіп, «Asia Trafo» ЖШС базасында «Энергетика» кафедрасының филиалы салтанатты түрде ашты. Енді аталмыш оқу орнының студенттері кәсіпорында дуалды білім беру жүйесі аясында тәжірбиелік дағдыларын шыңдай отырып, білім алады.
Ерлан Сәрсенбаев, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ «Энергетика» кафедрасының меңгерушісі: «Ең біріншіден студенттеріміздің өндіріс орнындағы практикалық дағдыларын өсіруге, сонымен қатар қазіргі таңда дуалды жүйе жұмыс істеуі нәтижесі бойынша студенттер осы кәсіпорында тек қана теориялық білім емес, практикалық білімдерін ұштастырып, шыңдалады».
Орталық Азиядағы ең ірі трансформаторлық жабдықты өндіретін зауытта бүгінде 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Дегенмен, елімізде энергетика саласындағы кадрлар тапшы болғандықтан, студенттерді тәжірибеден өткізе отырып, жас мамандарды даярлап шығаруды қолға алып отырмыз дейді кәсіпорынның басқарма төрағасы Омар Бұзаубайұлы Асанов. Зауытта студенттер бірінші курстан бастап біліктілігін шыңдай алады. Ал жылына шамамен 60-қа жуық студент тәжірибеден өтеді.
Омар Асанов, «Asia Trafo» ЖШС басқарма төрағасы: «Энергетика саласында энергетиктер дефицит мамандықтардың бірі болып есептеледі. Сол себепті қысқа уақыттың ішінде көп мамандар даярлау туралы жоспарлап, соны міндет қылып алып отырмыз. Бізде тәжірибеден өткен және дуалды жүйеде білім алған студенттер қай жерде де сұраныспен жұмысқа қабылданады. Өйткені олар білікті болып шығады. Жай теорияны ғана оқып шыққан студенттер диплом алғаннан кейін тағы 4-5 жыл практикада мамандығын шыңдау керек, оған уақыт керек. Ал бізден шыққан мамандар бірден сұраныспен қабылданады».
Университеттен келген делегация өкілдері кәсіпорын мүмкіндігімен де танысты. Жалпы, кафедра филиалдарын ашу – кәсіпорын мен универститет арасындағы меморандум аясында жүзеге асып отыр.
Айта кетейік, мекеме — студенттерге жұмысқа орналасуға ықпал ететін тәжірибелік дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Оқытушылар үшін қосымша тәжірибе мәселесі де шешіледі. Дуалды білім беру аясында кадрларды тікелей кәсіпорынның өзінде дайындауға мүмкіндік бар. Ал студенттерді кәсіпорынның жоғары білікті қызметкерлері оқытады.