Оңтүстік шағынауданындағы кәріз құбыры қайта қалпына келтіріліп жатыр

45

Шымкент қаласы 65 пайыз кәріз жүйесімен қамтылған. Алайда Оңтүстік шағынауданында құбыр жарылып, бірнеше үйдің ауласын су басқан. Энергетика басқармасының мамандары жағдайдың тұрақталғанын айтады.

Оңтүстік шағынауданында кәріз құбыры жарылып, бірнеше ауланы су басып қалған еді. Қазір энергетика басқармасының мамандары жағдайдың тұрақталғанын айтады. Ол үшін тез арада бригада құрылып, қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде.

«Оңтүстік шағынауданындағы апатты құбырды 4 бригадада 20 шақт ы маман қалпына келтіріп жатыр. Қазір құбыры ауыстырылып, апат орны жақын уақытта қалпына толық келтірілетін болады. Алдағы уақытта мұндай жағдай болмас үшін тарифті инвестицияға айырбастау жұмысы қарастырылып жатыр», – дейді өндірістік техникалық бөлім басшысы Бектөре Әуез.

Қазір тарифті инвестицияға айырбастау бойынша келісімшарт түзіліп жатыр. Жауапты мамандар сол арқылы ескі құбырларды ауыстыруды көздеп отыр.

«Ескі линиялардың бәрін жаңарту мақсатында жаңа тариф енгізуіміз мүмкін. Қазір тарифтердің бағасына зерделеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Нақты ақпаратты кейін, бағалар нақтыланған соң береміз», – дейді Шымкент қаласы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы бөлім басшысының м.а. Ақарыс Боранбай.

Ал Шымкентте былтыр 7 елді мекенге көгілдір отын кіргізу жұмысы жүргізілді. Сол арқылы 11 мыңнан аса абонент газбен қамтылды. Нәтижесінде жалпы меже 96 пайызға жетті.

«Өткен жылы табиғи газ бойынша 81 елдімекеннің 54-і қамтамасыз етілсе, 24-і жартылай көгілдір отынмен жартылай қамтылуға мүмкіндік алды. Ал 3 елді мекен әлі қамтылмаған», – дейді Шымкент қаласы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов.

Мамандардың сөзінше қалада коммуналдық жүйелер мәселесі жыл сайын жақсарып келеді. Атап айтқанда, Шымкентті ауыз сумен қамту көрсеткіші биыл 99 пайызға көтерілсе, сапалы электр желісімен тұрғындар 100 пайыз қамтылды.