Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов күрделі жөндеуден өтіп жатқан Ә.Қастеев атындағы колледж жатақханасының құрылыс барысын қадағалау мақсатында нысанды аралады. Студенттердің жазғы демалыс сәтінде қолға алынған күрделі жөндеу қарқынды жүргізілуде, бүгінде 65 пайыз жұмыстар орындалған. Яғни, мұнда күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айынан бастап жүргізілді. Жоспар бойынша биылғы жылдың қараша айында бітуі тиіс.
Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Бастысы колледж студенттеріне жайлы жағдай жасау үшін құрылыс жұмыстары сапалы, әрі жауапкершілікпен орындалу керек.
Айта кетейік, қаламыздағы Ә.Қастеев атындағы өнер және дизаин колледжінің іргесі қаланғанына биыл 50 жыл толды. Төл тарихымен бірге рухани құндылықтар қатарын толықтырып келе жатқан өзіндік орны бар оқу орны елімізге елеулі тұлғаларды білім нәрімен сусындатып шығарды. Сондай-ақ, байырғы колледждің бес қабаттан тұратын жатақханасы 1974 жылы салынған, 420 орындық ғимаратта қазір 539 оқушы қоныстанған.
Бұдан алдын қала әкімі Мұрат Әйтенов қаламыздағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Оңалту орталығының» құрылысы алаңына барып, ондағы атқарылған жұмыстарды тексерді. Бес қабатты ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, қазіргі уақытта 80 пайызға орындалған. Яғни, тамыз айының соңына таман пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты «Оңалту орталығы» коммунальдық қазыналық мекемесінің ғимараты 1975 жылы қаланғанын айта кетейік. Қазір мұнда 167 оқушы ерекше білім берумен қамтылған, ұжымда 56 педагог жұмыс істейді.
Логопед пен психолог кабинеттері, сенсор бөлмелері, израильдік технологиямен жасалған мультимедиялық білім беру жүйелері қайтадан жаңартылып, заманға сай жабдықталуда. Оңалту орталығында 11 топ – құлақ және тіл мүкістігі бар, дамуы тежелген балалармен тығыз байланыса жұмыс істейді.
Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыстың жұмыс сапасын бақылап, жауапты және мердігер мекеме басшыларына кестеден кешікпеуді ескертіп өтті.