Отырар ауданында отбасылық демалыс кезінде 11 адам суға батып кетті

4203

Оқиға бүгін, 21 тамызда болған. Суға батып кеткен 11 адам бір-біріне туыс болып келетін 4 отбасының мүшелері екен.

Құтқарушыларға кешкі сағат 18-дер шамасында Отырар ауданы Сырдария өзеніндегі көпірдің астында отбасылық демалысқа шыққан Көксарай ауылының тұрғындары суға батқандығы туралы хабарлама келіп түскен.

Анықтау жұмыстары барысында 4 ағайынды отбасы мүшелерінің суға батқаны белгілі болған. Сырдария өзеніне демалуға барған азаматтардың жалпы саны — 20 адам. Соңғы мәлімет бойынша автокөлік көпірінің маңында 11 адам шомылуға арналмаған жерде суға түсіп, батып кеткен.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, ТЖД-да жедел штаб құрылып, қауырт желі жұмыс жасауда 8-7253-357881. Іздестіру жұмыстарына 144 адам, 16 техника, 6 жүзу құралы және дрон жұмылдырылды.

«Оқиға орын алған жерге құтқарушылар барған кезде 20 демалушының 11-і суға батып кеткені анықталды. Қазіргі таңда 6 адамның денесі табылды. Қалған 5 адамның денесін іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр»,-деді Түркістан облысы ТЖД бастығы Нұрғали ЖҮНІСОВ. 

Соңғы келіп жеткен ақпарат бойынша құтқарушылар өзеннен тағы 2 адамның мәйітін алып шыққан.

Қайтыс болғандардың отбасыларына әкімдік тарапынан тиісті көмек ұйымдастырылатын болады.