Трассада кетіп бара жатып, көліктің әйнегіне тас тиіп жататын жайттар жиі кездеседі. Кей жағдайда қарсы бағытта немесе алдыңызда келе жатқан көлік салдарынан жолдағы тас ұшып, сіздің көлікке тиюі мүмкін.
Бұл әсіресе қалааралық жолда қатынайтын жүргізушілер үшін өте таныс жағдай. Мұндай кезде шығынды кім өтейді деген заңды сұрақ туындауы мүмкін.
Редакция заңгері Венера Нұрғалиқызының айтуынша, әрине, мұндай жағдайда өзге көлік жүргізушісін кінәлі ету дұрыс емес. Неге? Себебі трассада тас өздігінен жатпайды. Бұл абайсызда жасалынған боп саналады. Мұндай жағдайда сіз шығынды өтеу үшін жолды тазалауды қамтамасыз ететін мекемеге хабарласып, шағым түсіре аласыз. Ол жұртшылық арасында «ДЭУ», яғни «дорожно-эксплуатационное управление» деп аталады. Егер бір шешімге келе алмасаңыз, азаматтық сотқа арыз түсіруге құқылысыз.
«Тек ескере кететін жайт, тас тиген сәтті немесе әйнегі бүлінген көлікті фото-видеоға түсіріп алуыңыз шарт. Өйткені көлік әйнегіне нақты трассада зақым келгенін дәлелдеуіңіз қажет»,-деді заңгер.