Түркістан облысында 2 жылда 63 мектеп салынады

66

2022 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өңірімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жоба жаңа білім мекемелерінің бой көтеруі апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешпек. Бүгінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға облысқа қарасты барлық білім ұяларының құрылысын уақтылы әрі талапқа сай аяқтауды тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысы әкімі: «Бұл жерде архитектура красканы берген кезде түсін  номірі, содан кейін марка және шығарылған елін көрсетіп бересіздер. Себебі кей бояулар айнып, ағарып кетеді. Алматы, Астанада жоба дизайнын беріп қойды. Сол дизайнды алыңыздар да жасай беріңіз. Оны ойлап табу керек емес. Бүкіл Қазақстан бойынша жасалып жатыр ғой осы мектептер. Солардың дизайнын алып, әрбір стена номерін көрсетіңіздер».

Биыл аталған жобамен 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, олар келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал қалған 34 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда өңірде құрылысында бірқатар кемшілігі бар нысандар анықталды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысы әкімі: «Сарыағашта 10 мектеп құрылысын жоспарлап отырмыз. Себебі ол өңірде мектеп проблемасы қайта -қайта көтеріледі. Осындай мүмкіншілік беріліп отырған кезде, созып отырсыздар оны. Егер аудан әкімі, орынбасары білмесе, сіз отделге, отдел тағы тастайды. Біз бұны не үшін жинап отырмыз. Менің және орынбасарымның деңгейінде. Қайта қайта штаб құрып отырмыз. Оны өздеріңіз кірісіп, өз бақылауыңызға алмасаңыз, бұл ешқашан іске аспайды».

Айта кетейік, облыста  екі жылда  300 орындық 11 мектеп, 600 орындық  25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп, 1500 орындық 4 мектеп және 2000 орындық 2 мектеп салынады. Ал білім ұяларының құрылысы облыс әкімінің жіті бақылауында.