Түркістан жайлы «Құстар қайтып келеді» мюзиклі жарыққа шығады

91

Түркістанда Конгресс хол қолданысқа беріліп, мәдениет саласында 100 штат ашылды. Онда еліміздің 7 өңірінен іріктеліп алынған жаңа ұжым жасақталды. Қазір олар Түркістан жайлы ерекше мюзикл дайындап жатыр.

Түркістанда мәдениет саласын дамыту бағытында жұмыстар қарқын алды. Биыл қалада Конгресс холл ел игілігіне беріліп, онда 100 штат ашылды. Мәдениет ошақтарымен танысқан Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Беспаев өңірде өзгерістер көп екенін айтты.

Мейрамбек Беспаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері: «Өнер иесіне қолдау өте керек. Өзіңіз тараптан да жақсы қолдау көрсетіліп жатыр екен. Жаңа ұжым құрылып жатыр. Жаңа ұжым Түркістанның абыройын асқақтатады деп сенем. Біз де келіп, бірге ән жазармыз, концерт қоярмыз».

Жаңа ғимаратта, жаңа ұжым құрылды. Ол үшін арнайы байқау ұйымдастырып, 7 өңірден 80-ге жуық түрлі өнер иесі өз бағын сынады. Соның ішіне 54 жас маман іріктеліп алынды. Қазір команда үшін тың туынды әзірленіп жатыр.

Сержан Молдасанұлы, продюсер: «Бастапқыда уайым болды, тәуекел еттім. Іріктеуден өткен жастар өте талантты. Мұндағы таланттар бірін-бірі іздеп келгендей. Өнерпаздардың арасынан вокалдық, классикалық, дәстүрлі әншілер мен ұлттық аспаптар оркестрі және би ұжымы жасақталуда. «Құстар қайтып келеді» деген мюзикл дайындап жатырмыз»

Мәдениет саласы майталмандарымен кездескен өңір басшысы қаланың тарихи болмысын сақтап қалуға барынша атсалысып жатқанын жеткізді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Түркістан – баршаға ортақ қала. Атының өзі түркі елдерінің мәдени-рухани астанасы болуға лайық екенін білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де – талай туристің келуіне басты себеп. Енді облыстың мәдениеті де жанданып, осы орайда ата-бабаларымыздан қалған дәстүр мен ұлттық құндылықты сақтап қалуымыз керек. Ұлттық болмысымыз мәдениетіміз арқылы көрініс табуы тиіс. Шетел туристерін өзіміздің болмысымызбен, өнерімізбен қызықтыра аламыз»

Айта кетейік, күнгей өңірде дәстүрге айналған «Түркістан дауысы-2023» байқауы өтті. Жоба жеңімпазы Абайлық Ерлан Нариманұлы атанды.