Үлгілі мемлекеттік қызметші

41

 

Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен төзімді қажет ететін, ел игілігіне бағытталған абыройлы міндет. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші болу үшін түрлі этаптардан, сонымен қоса сынақ мерзімінен өту керек. Көп ішінен іріктеліп, оза шыққан маман мемлекеттік қызметші атанады.

Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек ету үлкен күш-жігерді талап етеді. Осындай ұзақ жыл еңбек еткен үлгілі мемлекеттік қызметшілердің бірі – Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Дәулетова Әсемгүл Рахымқызы.
Әсемгүл Рахымқызы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. Осында мектеп бітіріп, ата-ананың жанұядағы үлгілі тәрбиесінің арқасында жоғары білім алып, 1990 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, гигиенист-эпидемиолог маманы атанған.

Еңбек жолын 1990 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы санитарлық-эпидемиологиялық станциясында бас маман қызметінен бастайды. Осында 10 жылдай қызмет атқарып, Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясына ауысып, одан кейін Еңбекші, Әл-Фараби аудандарының басқармаларында санитариялық-гигиеналық бөлімінің басшысы лауазымын атқарған. Қазіргі таңда Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде бөлім басшысы қызметін атқаруда.

Осы жылдар арасында түрлі марапатқа ие болған. 2009 жылы «Жылдың үздік санитарлық дәрігері» дипломын алса, 2022 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Бұдан бөлек, Департамент басшылығы және жергілікті атқарушы органдардың түрлі «Алғыс хаттары» мен «Құрмет грамоталары» табысталған.

Әсемгүл Рахымқызы көп жылдар санитариялық-эпидемиологиялық салаға еңбек сіңіріп, елеулі үлес қосып келе жатқан білікті маман. Бүгінгі күнде қаладағы тамақтану объектілеріне бақылау жүргізіп, тамақтан улану, ботулизм ауруларының алдын алу бойынша жұмыс жүргізуде. Жұмыста өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, көп жандарда кездесе бермейтін жауапкершілігімен, біліктілігімен ерекшеленеді. Әріптестер арасында сый-құрметке ие, жас мамандарға жұмыстың қыр-сырын үйретіп, үлгілі қызмет атқаруда.
Жұмыспен қатар, отбасы тәрбиесіне де көп көңіл бөліп, қазіргі таңда педагогика саласында жүрген 1 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі ана Әсемгүл Рахымқызына жұмыстағы зор еңбегі үшін алғыс білдіреміз!