Балалар арасындағы суицидті азайтуға бағытталған шаралар жүйелі жүргізілуде

54

Түркістан облыстық прокуратурасы кәмелетке толмағандарға бағытталған «Салауатты болашақ» атты электрондық базасын таныстырды. Яғни, онда ішкі істер органдарында тіркелген әр баланың карточкасы жасақталады. Бұл жүйеде жасөсіпірімнің отбасы, әлеуметтік жағдайы, денсаулығы жайлы ақпарат көрсетіледі.

«Салауатты болашақ» электрондық жүйесі ведомствоаралық мамандардың жұмысын нығайтуға, қағазбастылықты азайтуға бағытталған. Басты мақсат — балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, заң бұзушылықтың алдын алу, сол арқылы оның санын төмендету, дейді мамандар.

Ерарыс Жолбарыс, Түркістан облыстық прокуратурасының басқарма аға прокуроры: «Барлығымыз атсалысамыз бірақ не болғанын білмейміз. Суицид орын алды, сіздер жазып жібересіздер үйде бәрі жақсы, ештеңе орын алмаған деп. Ал нақты не болғанын біз білмейміз. Жанжал орын алып жатыр, ауруханада тіркелген. Ал біз соның алдын алсақ, бала да біледі. Сіз және біздің көмегіміз бар екенін. Әке-шешемен жұмыс жасауға болады. Кейінгі жағдай бір-біріміздің жұмысысымызды бақылауға мүмкіндік. Қағаз азаяды. Ал мына базада нақты қандай жұмыс жасадыңыз. Алдағы уақытта қандай жұмыс жасау керек және жұмыс нәтижесі біз соны көре аламыз».

«Бестерек» базасының ерекшелігі, оқыс жағдай орын алған уақытта жауапты мамандар бала жөніндегі мәліметті осы жерден шапшаң түрде ала алады. Ал айтулы шара аясында облыстық педагог-психологтардың біліктілігін арттыру мақсатында оқыту жұмыстары жүргізілді. Оған бас-аяғы 50-ге жуық психолог қатысуда.

Ғалия Құлжабаева, Сарыағаш қаласы №6 Ж. Аймауытов атындағы жалпы орта мектебінің педегог-психологы: «Бестерек жобасы аясындағы біліктілікті арттыру курсына бірнеше рет қатысып отырмын. Көптеген әдістемелер үйрендік. Ата-анамен жұмыс, зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кең көлемде мағлұматтар алып жатырмыз. Балалар көбіне мен қандай мамандық иесі боламын, отбасымдағы орным жоқ деген сияқты мәселелер мен сабаққа байланысты мазасыздануын жеткізеді. Тұрмыстағы мәселелерді диагностика жүргізу арқылы анықтаймыз. Сол кезде оларды жеке кеңеске шақырып, сол кезде мәселелерін айтып жатады. 2-3 кездесуде ашыла бастайды».

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Бестерек» жобасының арқасында кәмелетке толмағандар арасындағы деструктивті мінез-құлық көріністері 42 пайызға төмендеген. Яғни, 5 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан оқытудың пайдасы айтарлықтай.

Гүлжан Вероцкая,  «Reframe » тұлғалық дамыту орталығының директоры: «Біздің курстар бірнеше кезеңнен тұрады. Қазір 1 кезеңде когнитивті мінез-құлық терапиясымен бала және зорлық-зомбылық деген тақырыпты 2 күн бойы өттік. Келер жылға да жоспарлап жатырмыз. Жалпы курс 2018 жылдан бері енгізілген, жыл сайын 3-5 күндік курстарды ұйымдастырып, облыстағы кәмелетке толмағандарға қатысты деструктивті және аутодиструктивті деңгейін төмендетуге арналған жоба».

Айта кетейік, «Бестерек» жобасы 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Жалпы бағдарлама шеңберінде 1300-ге жуық облыстық педагог-психологты оқыту жоспарланған. Бұл жобаға басқа облыстар да қызығушылық танытып отыр.Сондықтан айтулы жобаны Жамбыл облысында да енгізу жоспарда бар.