Суицид: дерт пе, әлсіздік пе?

1061

Өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған жастың өлімі кім-кімді де алаңдатады. Суицидтің басым бөлігінің себебі белгісіз болып танылады. Бүгінде жасөспірімдер суицидіне мектептегі әлімжеттіктің де себеп болатыны айтылып жатыр. Бірақ, ешкімнің бұл турасында ашық айтқысы жоқ. Бұл тақырып мектептегі ешкім айтпайтын «ішкі заңы» сияқты.

 

 

 

 

 

 

 

 

Таяуда ғана қаламыздағы №83 мектептің 11-сынып оқушысы суицид жасап, көз жұмды. Анасының айтуынша, Ерсұлтан сол күні Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына ақша таппай мектептен көңлсіз келеді. Анасына шай қоюын өтініп, өзі дастарқан дайын болғанша отын жаратынын айтады. Баласының көңіл-күйінің жоқтығын тестілеудің нәтижесі деп топшылаған анасы оған мән бермейді. Баласы ұзақ уақыт үйге кірмеген соң сыртқа іздеп шыққан ана монша артында жіпке асылып тұрғанын перзентін көреді. Жас дене суып қалған екен.

Көрші-қолан, дос-жарандарының айтуынша, Ахметовтер отбасының жаман аты шықпаған, үлгілі отбасы. Ерсұлтан туралы да жақсы пікірде. Қайғыдан қан жұтқан анасы «баламды өлімге итермелеген басты себеп – мектептегі әлімжеттік» деп отыр. Бірақ мектеп басшылығы мұны жоққа шығарады.

Фатима АҚЫЛБЕКОВА, Ерсұлтанның анасы: «Мен барлық кінәні мектептен көремін. Мектептің ішінде кетті балам. Сол жердегі оқушылар жетті түбіне. Жақында қымбат телефон алып берген едік. Телефоны жоғалып кетті. Қайда деп сұрасақ айтпайды. Осыған дейін де баламыз бізге келіп, ақша талап ететінін және басқа сыныпқа ауысқысы келетінін айтқан еді. Біз директорға жолықтық, айттық. Директор оқуға аз қалғанда ауыстырып не істейсіздер, барлығын шешеміз деді, сеніп қалдық. Мектепте әлімжеттік бар. Бір жыл бойы жалғасып келеді».

Марқұмның туыстары да оның өліміне айнаналасындағы құрдастарын кінәлайды. Өйткені, бақилық болардан бірер күн бұрын Ерсұлтан мектепте өзге балалардың әлімжеттік жасап жүргені жөнінде әпкесіне хабарлап айтқан екен. Ал қайтыс болғаннан кейін оның қалтасынан бірнеше адамның аты-жөні жазылған, бірақ умаждалып, жыртылған қағаз табылыпты. Қазір аталмыш дерекке қатысты сот-медициналық сараптамасы тағайындалып, оқиғаның себебі анықталып жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының суицид картасына сәйкес, Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы бойынша ең қауіпті елдердің қатарында. Бұл туралы Информбюро сайты жазады. 1996-98 жылдары елімізде өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары өте жиі тіркелген. Содан кейін көрсеткіш төмендеген. Алайда 2015 жылы қайта өскен. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 102 902 адам суицид жасап, бақилық болған.
Qamshy.kz сайтының хабарлауынша, әлемде 5 жастан 15 жастағы балалардың суицид жасауы бойынша Қазақстан 9-орында тұр. 15 жастан 29 жас аралығындағы жастардың өзіне-өзі қол жұмсауы бойынша төртінші орында.

«Bilim Foundation» қоғамдық қорының жетекшісі Ерлан Айтмұхамбетов Қазақстанның төрт өңірінде: ШҚО, БҚО, Ақмола облысы, Қарағанды облысы және Қостанай облысында суицид деңгейі жоғары екенін атап өтті.

Оңтүстік Қазақстан облысында 2016 жылы жастар арасында 369 өзіне қол жұмсау оқиғасы тіркелген (228 оқталған, 141-і аяқталған), 2017 жылы 381 жасөспірім суицид әрекетке барған. Оның 245-і оқталған, 136-сы аяқталған. Бұл деректердің адам шошытарлығы рас. Мамандар суицидтің нақты себептерінің 85 пайызы белгісіз күйде қалатынын айтады.

Осы орайда психологтардан суицидке не итермелейтінін, әлімжеттікке ұшыраған баланың мінез-құлқында қандай өзгеріс байқалатынын, сондай жағдайда не істеу керегін сұрадық.

Олар: «бар бастау және себеп – отбасыда» дегенді айтады.
Егер отбасы тату тұрып, бір-бірін қолдап, ашық сөйлесе алса, бала өмірді жақсы көреді. Керісінше ата – анасы ұрысса, әкесі ішіп, анасына күш көрсететін, материалдық жағдайы төмен отбасыда бала өзін кінәлі сезіне бастайды. «Мүмкін мен болмағанда осындай нәрсе болмас па еді» деп өз-өзін жек көруі мүмкін. Немесе кішкентай кезінде көп сын естіген бала да өзіндік «менін» жоғалтып алады екен.

Мамандардың сөзінше, қазір ата-аналар жұмысбастылыққа беріліп кеткен. Баласына көп көңіл аудармайды. Әсіресе, қазақ отбасылары балаларымен бірге отырып, ашық сөйлеспейді. Қате істесе, қағып жібереді. Сондықтан, «айтайын десем, қате сөйлеп қоямын ба?» деп именеді. Қатарластарына айтайын десе, олардың да ақыл-деңгейі өзімен шамалас. Міне, осылайша бала тұйықталады.

Қаракөз Момбаева, мектеп психологы:
– Қаладағы 80 мектепте және жасөспірімдер арасындағы суицид, бұзақылық бойынша көш бастап тұрған Мақтарал, Сайрам аудандарында көп болдым. Тәжірибеме сүйене келе айтатыным, егер әр мектептегі психолог маман «Кактус», «Крокодил» сынды әдістемелік тәсілдермен білікті жұмыс істей алса, онда баланың бойындағы агрессияны, құбылмалықты байқап, алдын алуға болады. Барлығына топырақ шашпаймын. Бірақ, кейбір мектептің директорлары психологтың кім екенін түсінбейді. Тіпті, бір мектепте психологты кезекші қылып қойған. Бұл қаладағы жағдай. Ауылдарда мұндай маманды көрмегендер де бар. Негізі «400 оқушыға – 1 психолог» делінеді. Ал менің мектебімде 1700 оқушы бар. Психолог бір ғана мен. Барлығының картинасымен танысуға жағдай болса да қауқар жетпейді.

Ләззат Нұрпейісова, ұлттық деңгейдегі психолог:
– Суицидке келсек, бұл жерде әлсіз, оқшауланған баламен қатар, көшбасшы, назардың ортасында, жағдайы жақсы отбасыдан шыққан бала да душар болады. Әлсіз бала бұл қадамға тығырықтан шығатын жол жоқ деп барса, келесілер кішкентайынан «менікі дұрыс», «мен мықтымын» деп нацистік мінез қалыптастырып алады да, өзінен оза шапқандар оған тиесіліні тартып алғанда бірден күйзеліске түсіп, шыдай алмайды. Айта кетейін, суицид жасауға бала бірден шешім қабылдамайды, әсте-әсте келеді. Әрине, оның белгілері бар. Мысалы, баланың мінезі өзгере бастайды, томаға-тұйық болып, әр затқа қызығушылығын жоғалтады. Ең бастысы көзбен қарым-қатынасқа түсе алмайды. Яғни жанындағы отырған адамның көзіне тура қарамай, көзқарасы әрі қарай өтіп кетеді. «Менің балам мұндай қылыққа бармайды» деп ешқашан ойламаңыз. Балаңыздың ортасы қандай болатынын білмейсіз, сол үшін күн сайын әңгілесіп сырласу керек. Тағы бір кеңесім: жарық дүниені көрген әр бала – жеңімпаз болып туылады, яғни оған өмір сүру мүмкіндігі берілді. Қателік жіберуге әркімнің құқығы бар. Қателік жібермесе, өмір сүруді қалай үйренеді? Тек сол қатеден сабақ көріп, шешім шығара білу керек.

Облысымыздағы тек мектеп психологтары емес, осы мәселелермен тікелей айналысатын мектеп инс-пекторлары да тапшы. ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметкерлерінің айтуынша, ОҚО-да 1038 мектеп болса, 226 мектепте ғана мектеп инспекторы бар. 569 маман жетіспейді. 1 инспектор 4-5 мектепке бекітілген екен. Әр мектепте 1000-нан астам бала бар десек, мамандарды әр оқушымен жеке-жеке жұмыс істейді деуге сену қиын.

Нұржан КЕНЖЕБЕКОВ, Шымкент қалалық, ІІБ-ның жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы:
– 2017 жылы әлімжеттік фактісі мектепте де, орта арнаулы оқу орындарында да тіркелмеген. Егер осындай оқиғаға тап болса, кез келген оқушы өз мектебіндегі әкімшілікке немесе бекітілген мектп инспекторына жасырын хат қалдыруына болады, іс жерде қалмайды. Ал әлімжеттік жасауға барған жасөспірімге ҚР Қылмыстық кодексінің 194 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ювеналды сотқа жіберіледі.
Оқушылар ауызекі сөйлескенде әлімжеттік бар екенін мойындағанмен, нақты «Кім?, Қалай? Қашан?» деген сұрақтарға жауап бермейді. Олардың айтуынша, көбінде «Мұндай жағдай ата-анамыздың да кезінде болған, бізде де болуы керек» деген таптаурын түсінік қалыптасқан екен. Жалпы жағдай сондай деп айтпағанымызбен мұны жоққа да шығара алмаймыз.

Ал соны жіті бақылап, жеке-жеке жұмыс істейтін маман аз. Таяуда облыстық жастар сая-саты басқармасы «Оңтүстік Қазақстан облысының отбасы, балалар және жас-тар істері жөніндегі басқармасы» болып ауыстырылды. Енді отбасы мен баланың жайы, мектеп оқушыларының жай-күйі, олардың психологиялық ахуалы сынды жайттар осы басқармаға жүктелді. Жаңа басқарманың иығына артылған жүкті қаншалықты еңсеретінін алдағы уақыт көрсетеді.

Әлия ӘДІЛБЕК