Бас көлік прокуратурасы бизнес субъектілерінің құқықтарына нұқсан келтіретін фактілерді анықтады. Көлік прокуратурасының қадағалау актісі бойынша 2 мыңнан астам кәсіпкер 2,4 млрд теңге ақшасын қайтарып алатын болды.
2022 жылдан бастап қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төленетін төлемдер бойынша міндеттемелер өзгертіліп, кәсіпкерлердің жекелеген санаттары экологиялық төлемдерден босатылған.»Осыған қарамастан бұл мән-жайларды білмеген кәсіпкерлер тиісті төлемдерді жүргізе берген. Ал салық органдары олардың негізсіз шығындарын болдырмау мақсатында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген», — дейді Бас көлік прокуратурасындағылар.
Мысалы, осындай төлемді төлеушілер санатына кірмейтін «№3 Sk автовокзал паркі» ЖШС мемлекет бюджетіне 15 млн теңге төлеген. Сол сияқты басқа 2 203 кәсіпкер де бюджетке негізсіз 2,4 млрд теңгеден астам қаражат аударған.
Көлік прокуратурасы араласқаннан кейін ғана кәсіпкерлер мұндай алымды төлеушілер тізімінен алынып тасталғанын білген.
«Көлік прокуратурасының актісі бойынша кәсіпкерлерге ақшаны қайтару бойынша жұмыс басталды. 500-ден астам кәсіпкер шамамен 30 млн теңгені қайтарып алды», — делінген хабарламада.
Мемлекеттік кірістер комитетіне салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпаратты бизнес қауымдастыққа тиімді жеткізу жөніндегі шараларды әзірлей отырып, осындай жағдайдың туындау себептерін талдау тапсырылды.