Өңірлік азаматтарды спортқа тартуға бағытталған шараларды жаңарту қажет

18

Түркістан облысында кәсіби және бұқаралық спортты дамытудың жоспары әзірленбек. Бұл туралы өңір басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Облыс әкімі жауаптыларға жергілікті бұқараны спортқа тарту, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған шараларды ойластыруды тапсырды. Сонымен қатар, арнайы марафондар ұйымдастыруға шақырды.

Облыс әкімі спортқа жауапты мамандармен кездесу барысында спорт саласындағы олқылықтарға баса назар аударды. Өңір басшысы Түркістан облысындағы спорт әлеуетінің барынша тиімді пайдаланылмай жатқанын айтып, түбегейлі өзгерістер орнату қажеттігін жеткізді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Әр аудан марафон өткізсін. Бір график жасап, областық марафон өткізіңіздер. Әрбір тұрғынды қамтамасыз ету керек. Шахматтан басқа қандай бар. Халықты көп жинайтын, шығын талап етпейтін» .

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысынң мәліметінше, биыл түркістандық жастар Азия чемпионаттары мен кубоктарында 90 алтын, 56 күміс және 33 қола медальға қол жеткізсе,  Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 49 алтын, 27 күміс және 11 қола медальға ие болған.

Ал жуырда аяқталған жазғы Азия ойындарында 2 күміс, 2 қола еншілеген.  Қазіргі уақытта 2024 жылы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына облыстан 11 үміткер спортшы дайындалуда дейді.

Қанат Жолдықараев, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:  «Спорт саласы бойынша өңірде 99 мекеме тіркелді. Онда спорттың 61 спорт түрі дайындалады. 2509 тренер 60750 баламен жұмыс жасайды. Республикасының чемпионаттары мен кубоктарына қатысып, 375  алтын, 271  күміс, 277  қола, жалпы 923 медаль жеңіп алды».

Өңірлік жастарды спортқа баулу мақсатында бүгінде облыста 61 ойын түрі дамыған. Биылға спортқа қызығушылығы бар азаматтардың көрсеткішін 42 пайызға жеткізуге көзделуде. Ал спортпен кәсіби айналысатындар саны 900 мыңға жуықтап, халықтың 41,63 пайызын құрап отыр.