Шымкентте ғажайып ою-өрнектер ауласы бар

Шымкенттегі тұрғын үйлердің бірінің ауласы қазақи ою-өрнекпен көмкерілген. Онда кілем мен түскиіздің бірнеше түрі бейнеленіп, сыр сандықтардың суреті салынған. Тіпті подьезд бен балалар ауласы да ұлттық нақышта безендіріліпті. 

«Қазақ ауласы». Шымкентте дәл осылай аталатын тұрғын үй ауласы бар. Мұнда қымбат және өте сирек кезедесетін кілемдер қоршауларда бейнеленген. Ал көлікжайларда тұскиіздер көрсетілсе, балалар алаңшасы сандық, кебежемен бейнеленген. Төрде орналасқан басқұр алашада осы жобаға атсалысқан және қаржылай қолдау көрсеткен жандардаың есімдері көрсетілген.

Көздің жауын алатын ауланың авторы – Дана Бектаева. Қала тұрғыны бұл кереметті «Өсиет» жобасы арқылы іске асырыпты. Ол шымкенттік суретшілермен бірлесіп, қарапайым ауланы қазақ ауыл бейнесіне айналдырған. Мән-мағынаға толы ұлттық ою-өрнек ауланың әр бұрышына бейнеленген. Ескіні жаңғыртуды діттеген әйелдің басты мақсаты – ұлттық кодты дәріптеу.

Дана Бектаева, «Өсиет» жобасының авторы: «1982 жылдан бері тұрып жатырмын. Кейін кетіп, қайтып келдім. 2015 жылы келгенде аулам мені шошытты деп айтуға болады. Бірақ тек осы жылы бастадым бояуды, алдында подьезді боядым, гүл ектім».

80 жастағы қария Несібелі Исмағамбетова да осы үйдің тұрғыны. Бұған дейін ауланың тек сұр қабырғалармен қоршалған сұрықсыз кейіпте болғанын айтқан ол қазіргі келбетіне қатты қуанатынын жеткізді.

«Аула жай ғана ештеңесі жоқ аула болды, не гүлдер жоқ, әшекей жоқ.  Өте жақсы, өтіп бара жатқандардың бәрі кіріп суретке түседі, сұрайды кім істеп жатыр деп, бұл өте жақсы тірлік. Бір тиын ақша алған жоқ, тұрып жатқандардан жиған жоқ, бәрін өз қаржысына істеп жатыр», – дейді қала тұрғыны Несібелі Исмағамбетова.

Бұл әдемілікті онға жуық кәсіби және әуесқой қылқалам шебері бейнелеген. Дана Бектаева суретші болмаса да, бірқатар туындыны бояуға үлес қосқан. 5 айға созылған жобаны жасауға кеткен қаржы да қомақты.

«Осы кілемдер 8 ғасырда арабтармен келген. Мысалы менің коллекциям Қазақстандағы ең ірі коллекция және мен айта алам қазақтар ешқашанда бір кілемнің бетіне түйенің белгісін салмаған. Бірақ жалғыз белгі осында бар, кішкентай ғана. 1956 жылғы кілем болған. Бұл бір ғана кілем, соның құрметіне осы қоршауға салдық»,- дейді жоба авторы.

Суретшілер қазір кілемдерді аяқтап, басқұрлардың суретін салып жатыр. Олар Дана алып келген басқұрға қарап қоршауларға көшірмесін жасайды. Мұндай жұмысты істеу уақыт алғанымен, тарихи туындыға айналатыны қуантады дейді қылқалам шеберлері.

Ирина Александровна, суретші: «Мен күнде келуге тырысамын және жарты күнімді осы жұмысқа арнаймын. Мысалы тек мына жолақты салып, бояп жатқанымызға 1 жарым ай болды. Ұзақ әрине, бірақ біз Дананың топтамасындағы нағыз басқұрдан көшіріп салып жатырмыз, сол себепті аса ұқыптылық танытудамыз. Жалпы бұл жоба туралы басқа суретшілерден біліп келдім, ерекше жоба болғандықтан мені қызықтырды. Өте маңызды деп ойлаймын. Себебі, барлығы заманауи болып жатқан заманда тарихты ұмытпау үшін, еске салып отыру үшін мұндай жоба қажет».

Дана Бектаеваның айтуынша, «Өсиет» жобасының мақсаты – әдет-ғұрып және салт-дәстүрімізді насихаттау. Оның сөзінше ауладағы өзгеріске тұрғындар түрлі пікір білдірген. Дегенмен, жоба авторы бұл жерді қазақ ауласына айналдырғалы ұлттық құндылықтарға қызығушылық танытатындар саны артыпты. Тіпті қазір бұл аула жастардың іздеп келіп, сурет, видеоға түсетін арнайы орынға айналған.