Шымкентте жол ақысы қымбаттауы мүмкін

Шымкентте жол ақысын көтеру мәселесі қаралып жатыр. Нақты шешім қала әкімінің келісімінен кейін қабылданады. Мұны жергілікті жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы мәлімдеді. Сондай-ақ, ол «Іkolik» қосымшасы арқылы қала тұрғындары өздерінің арыз-шағымын қалдыра алатын жаңа функция енгізілгенін айтты.

Шымкентте жол ақысы қымбаттауы мүмкін. Мегаполисте қоғамдық көліктердің жол ақысын көтеру мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы мәлімдеді. Сөзінше, мегаполистегі жол ақысының құны республикадағы ең арзан тарифтік көрсеткіштің бірі.

Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Біз қазір тарифты қайта қарастырып жатырмыз. Себебі Шымкент тарифы ең төмен қалалардың бірі. Бізде баға 2016 жылы бекітілген. Біз талдау жасадық. Барлық шығын келтіретін материалдар, тіпті жанар-жағармайдың да құны бірнеше есе қымбаттаған. Егер нарық бағасымен есептеп қарасақ, бізде тариф 210 теңге болу керек. Тариф қымбаттайды, бұл мәселе қала әкімінің келісімімен шешімін табады»

Сондай-ақ, қала тұрғындарының көптеген арыз-шағымына байланысты «Іkolik» қосымшасына өзгеріс енгізілді. Яғни, енді шымкенттіктер қоғамдық көлікке қатысты шағымдарын қосымшадағы арнайы функция арқылы қалдыра алады. Айта кетейік, қазіргі таңда, қосымшаны пайдаланушылар саны 200 мыңнан асқан.

Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Көлік компаниясы болсын, біз болсын бәріміздің жұмысымызға баға беретін халық. Халық бізге наразы болуда, оны тасымалдаушы компаниялар да түсінеді. Біз айкөлік бағдарламасына шағым түсіру функциясын енгізіп жатырмыз. Оны тасымалдаушы компания, диспетчерлік пункт, басқарма көре алады».

Бүгінде қалада 77 маршрут қызмет көрсетуде. Басқарма басшысының сөзінше қала аумағы және шет аймақтарда орналасқан барлық шағынаудан мен тұрғын алаптар 100 пайыз қоғамдық көлікпен қамтылған.