Тест тапсырушылардың орнына компьютерді өзге адам қашықтан басқарып, сұрақтарға жауап берген…

34
фото altaynews.kz

Мемлекеттік аттестаттауды өткізу барысында Түркістан облысы Сайрам ауданында орналасқан №96 жалпы орта мектебінде 4, 9- сынып оқушыларының оқу бағдарламасын меңгеру деңгейін бағалау кезінде құқық бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.

Атап айтқанда, Сайрам ауданында орналасқан №96 жалпы білім беретін орта мектебінде 4-сыныптың білім жетістіктеріне бағалау жүргізу барысында оқушылардың бірінен соң бірі сыртқа шығуға сұранып, тестілеуді уақыт бітпей жатып ертерек аяқтап, жоғары балл жинауы күдік туғызды.
Бейнежазбаны тексеру барысында тест тапсырушылардың орнына компьютерді өзге адам қашықтан басқарып, сұрақтарға жауап беріп отырғаны анықталды.
Тәуелсіз бақылаушылар мемлекеттік аттестаттау ережесінің бұзылуын анықтап, акт жасады. Сайрам ауданы білім бөлімі мектеп басшылығына қатысты сөгіс түріндегі тәртіптік шара қолданды.
Ұстаздардың оқушыларға еңбектеніп, өз күшімен табанды түрде білім алуды үйретудің орнына саналы түрде теріс қылыққа итермелегені көңіл қынжылтады.