Түркістанның «Томирис-Тұран» командасы Қазақстан Чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Биыл облыста өткен әйелдер арасындағы футбол жарысына 5 команда қатысып, өзара бақ сынады. Тартысты ойын нәтижесінде Шымкенттің «Биік-Шымкент» командасы 1 орын, ал облыстан шыққан « Томирис-Тұран» күміс жүлдеге қол жеткізді.
Биыл футболдан әйелдер арасындағы чемпионатқа елімізден 5 команда қатысты. Ойын нәтижесі бойынша үшінші мегаполситің «Биік-Шымкент» командасы І-орынды иеленсе, Түркістан облысының «Томирис-Тұран» командасы чемпионаттың күміс жүлдесін еншіледі. Сондай-ақ, Көкшетаудың «Оқжетпес» құрамасы қола жүлдегер атанды. Бұл жолы күміс жүлдені олжалаған команданың капитаны Камила Совет жетістіктер әлі алда дейді.
Камила Совет, «Томирис -Тұран » командасының капитаны: «Футболдан чемпионатқа 5 команда қатысты. Шараны ұйымдастырушыларға, белсене қатысқан топтарға алғысымды білдіремін. 2 орынды иелендік, мақсат орындалды. Келер жылы лигада өнер көрсетуге мүмкіндік туады деп ойлаймын».
Бұл сында «Томирис-Тұран» командасының 2007-2008 жылы туылған жасөспірім қыздары күміс жүлдеге қол жеткізді. Олар маусым барысында жалпы 17 ойын өкізіп, 15 ойында жеңіске жетсе, бір рет тең нәтиже тіркеген. Ал, бір ойында жеңіліс тапты. Дегенмен Азамат Иманбеков баптайтын шәкірттер өз мықтылығын көрсетті.
Медина Мұрат, «Томирис -Тұран » ойыншысы: «Осы ойындардан өте керемет әсер алдық. Болашаққа деген жарқын жоспарларымыз өте көп. Құдай қаласа, келер жылы қайта чемпион болуға дайындаламыз. 17-18 кездесу өткізді. Мектеп аралық жарыстарға Жандос Карижанұлы тренер шақырған. Кейіннен Азамат Бақтыбайұлы өз қолына алды».
Спорттық шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Айтмахаметәлі Бердашев пен «Тұран» спорт ойын түрлері клубының директоры Сабыржан Қалдыбекұлы арнайы қатысты. Олар тұрандық аруларға сый-құрмет көрсетіп, алғыстарын білдірді.
Осы тұрғыда аталған клуб басшысы Сабыржан Қалдыбекұлы команданың жоғары жетістікке жетуі үшін жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын айтты. Сонымен қатар, келесі маусымда бұдан да биік нәтиже үшін күресетінін жеткізді.
Жиынға аяқдоп шеберлерінің ата-аналары және жанкүйерлері келіп, қуаныштарымен бөлісті. Айта кетейік, футболдан әйелдер арасында чемпионаттың күміс жүлдегері атанған «Томирис-Тұран» командасы УЕФА-ның чемпиондар лигасына жолдама алды.