«Нәрлен» өнімдері «Үздік тауар» номинациясын жеңіп алды

34

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы ірі кәсіпорындардың бірі «Қарқын – 2030» ЖШС-і «Narlen» өнімдерін бүгінде еліміздің түкпір түкпірінде тұратын тұрғындар тұтынады. Дәмді әрі нәрлі шұжық өнімдері аз ғана уақыттың ішінде сұранысқа ие болып үлгерді. Әрі шетелдерге де экспортталуда. Жуырда Алматы қаласында өтіп жатқан «XVII AgroWorld Qazaqstan 2023» ауыл шаруашылығы халықаралық көрмесінде Түркістан облысының «Қарқын – 2030» ЖШС-ң «Narlen» өнімдері «Үздік тауар» номинациясын жеңіп алды.

«Атакент» көрме орталығында өтіп жатқан шараға әлемнің 22 елінен 155 өндіруші компания өз өнімдерін алып келген. Олардың қатарында Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Испания, Италия, Корея, Түркия мен Франция секілді мемлекеттердің ірі компаниялары бар.

– Аталған көрменің ерекшелігі – құс шаруашылығына арналған қажетті жабдықтар мен технологияларды жаңғырту. Шараның ауыл шаруашылығы үшін тигізер пайдасы көп. Жыл сайынғы дәстүрге айналған көрме аясында көптеген компаниялар өздеріне серіктес тауып қана қоймай, өз өнімдерін халықаралық деңгейде саудалауға мүмкіндік алады, – дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, 14 жылдан бері ел нарығында көш бастап тұрған шұжық және ет өнімдерін өндіретін «Қарқын – 2030» ЖШС тәулігіне 50 тонна өнім өндіреді. Отандық алып сауда орталықтарымен келісімшартқа отырған қазығұрттық компания еліміздің түкпір-түкпіріне өнімдерін жіберіп, тұрақты тұтынушыларын тапқан.