Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылының тұрғыны Гүлшат Ақмұрзаева жеке кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы ана. Жеті баланың тәрбиесімен бірге кәсіпкерлікті қатар алып жүрген Гүлшат кәдесый дайындап көпке үлгі көрсетіп жүр.
Кәсіпкер 2022 жылы «Бастау- Бизнес» жобасына қатысып, ерекше бизнес жобасымен қайтарымсыз грант ұтып алған. Бүгінде ұлттық құндылығымызды дәріптеу мақсатында қазақы нақышта, заманауи үлгіде кәдесыйдың мыңнан аса түрін жасап, тұтынушыларға ұсынуда.
— Көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан мүмкіндіктер көп. Соның бірі қайтарымсыз гранттар. Бұл іс бастаймын деп ниеттенгендер үшін үлкен қолдау. Қазіргі таңда жұмыс барысында балаларым көмектеседі. Отбасымызбен бірлесіп жасап, күніне 100-ге жуық кәдесый дайындаймыз. Қазақы нақышта дайындалған өнімге қызығып, тапсырыс берушілер қатары көп,- дейді кәсіпкер.