Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 78 әйел әлеуметтік көмек алған

22

Шымкентте жыл басынан бері 78 әйел күйеуінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, әлеуметтік орталыққа жүгінген. Олардың 49-ы психологиялық-әлеуметтік көмек алып, өз отбасына қайта оралды. Ал 14 ана дәл қазір мекеменің қамқорлығында.

Дильшахтың тұрмыс құрғанына 4 жылға таяған. Алайда осы жыл аралығында күйеуінен көрмеген қорлығы жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, жолдасы шаңырақ көтергендеріне 1 ай өткенде ұрып-соғуды бастапты. Кейін үйінде қамап ұстап, сыртқа шығаруды қойған көрінеді. 3 балалы ананың айтуынша, бұл оның екінші некесі. Соңғы уақытта үлкен қызына да қауіп төне ме деген оймен ажырасуға бел байлапты.

Дильшах (есімі өзгертілді): «Ішіп келіп ұрады. Өзі жолда жүреді. Телефонмен хабарласса да айқайлайды. Үйге келсе де іше береді. Артынан ұрып тастайды. Сыртқа аттап шықпайсың дейді. Бірдеңе керек болса, өзі әкеп береді. Немесе інілеріне айтып, әкелдіреді. Қызғаныш дейін десем, оған да ұқсамайды.»

Ал Әйгерім 20 жылдан бері отағасының төмпештеуіне төтеп беріп келген. 4 балалы ана жылдар бойы соққының астында болғанын, тіпті күйеуі қолын тілгілеп тастағанын да айтады. Бірнеше рет ауруханадан да бір-ақ шыққан. Алайда ол балалары үшін шыдап баққанын жеткізді. Соңғы кездері үлкен ұлы араша түсіп, әкесіне қарсы шыққан соң ғана бір-бірін майып қылып қоймас үшін бөлек кетуді жөн санапты.

Әйгерім (есімі өзгертілді): «Әйтеуір тырнақ астынан кір іздеп ұрады, сабайды. Балам өскен соң егер кетпесек, папамды пышақтап тастаймын деді. Әйтпесе мен қанша рет мүмкіндік бердім. Алғаш келген кезде бие сауа алмадым. Содан басыма шелек кигізіп, ұрып тастаған. Содан басталды ғой. Сөйтсем ол қарындастарын да белдікпен ұрады екен. Ол үйінің үлкені, жалғыз бала болды. Оның айтқаны қашан да дұрыс. Ешкім қарсы шыға алмайды.»

Жыл басынан бері Шымкенттегі №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына дәл осындай тағдырмен 78 ана келіп жүгінген. Олармен бірге 219 баласы келіп, аталған мекемені паналапты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 әйелге артық. Сонымен қатар адам саудасының құрбаны болған 6 қыз айтулы мекеменің көмегіне жүгінген. Олардың дені 20-мен 25 жас аралығындағы қыздар екен.

Бағдагүл Байтешова, Шымкент қаласы «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің директоры:

«Адам саудасына түскен 6 адам келді. Олардың бәрі 8 түрлі әлеуметтік көмек алды. Көбіне олар жоқшылықтың кесірінен  әлеуметтік тапшылық көргендер. Біреулер алданып қалған. Негізі оларға жақсы ақша береміз, мынадай нәрсе алып береміз деп айтқанға алданып қалған. Кейбіреулері енді бұндай жұмыс істемейміз, қалыпты жұмысқа тұрып, өзіміз жұмыс жасаймыз деген азаматтар.»

Оған қоса орталықта «Жусан» операциясы арқылы елге қайтарылған 80-ге жуық адамға қолдау көрсетіледі. Мекеме олардың қалыпты өмірге үйреніп, сапалы білім, мемлекеттік қолдау алуына көмек қолын созады. Айта кетейік, 2019 жылы 600-ге тарта дерадикалды отбасы елге оралды.