Шымкенттік кәсіпкер ара өсіріп, жылына 9 млн табыс тауып отыр

Шымкентте ара өсірумен айналысатын кәсіпкерлер саны көбейген. Солардың бірі, 6 жылдан бері омарта шаруашылығын кәсіп еткен Олжас Сырлыбаевтың жылдық табысы 9 миллионға жеткен. Шаруа иесі мемлекеттен қайтарымсыз грант алып кәсібін дөңгелеткенін айтады. 

Олжас Сырлыбаев 6 жылдан бері ара өсірумен айналысады. Кәсібі дөңгелеп, жылдық табысы 9 миллионға жеткен. Кәсіпкер бір жылда қолдағы араның көлеміне қарай – 5, егер жақсылап еңбек етсе 10 тоннаға дейін бал алуға болатынын алға тартты. Шаруашылық иесі мамыр айынан бастап қоңыр күзге дейін бал араларының ұясын алып, табиғат аясына кетеді. Ал күн суыта бастағанда аралар қысқа дайындалады.

«Бір жәшік араға келетін болсақ, бұлар қазір қысқа кіріп кеткен. Қыста бұлар барынша аз «рамкада» отырса, сол «рамкаға» балды толтырамыз. 5 «рамка» болса, үстіңгі бөлігіне бал толтырамыз, астыңғы бөлігіне туады. Туылып, дернәсілі жетіліп шыққан ара жоғары қарай шығып бал жейді, көктемге дейін соны қорек етеді. Осының ішінде көбейеді», – дейді Олжас Сырлыбаев.

Кәсіпкер итальяндық «карпат және карник » араларын өсіреді. Оларды бал тасуы және жұмыс жасауы ыңғайлы болғандықтан таңдап алған. Шаруа иесі жылдың сегіз айында маусымына қарай мамыр, аққурай, жантақ және мақта балын жинап, сатуға шығарады.

Бұл істі 2017 жылдан бері кәсіп еткен кәсіпкер омарта шаруашылығымен айналысатындар жыл санап артып келе жатқанын айтады. Тұтынушылар да көбеюде. Олжас Сырлыбаев сұраныс көп болғандықтан ара шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге кәсіптің қыр-сырын үйретеді.

«Былтыр қыстың суық болғанына байланысты бүкіл арамнан айырылып қалдым. Бірақ оған қол қусырып қарап отыруға уақыт жоқ. Бірден қайта бастап кеттім. Гранттың көптеген пайдасы болды маған. Басынан құрастырып алдым десе де болады ғой бәрін. Қазіргі таңда 80 ұя жәшігім бар. Қазіргі уақытта балмен айналысатындар көбейіп жатыр. Балға да сұраныс көп. Бал тапшы болып қалып жатыр. Әлі экспортқа емес, Шымкенттің өзінде адамдарға жеткізе алмай жатырмыз», -дейді кәсіпкер.

Омарташы кәсібін қайта жаңғыртуға мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Бұл қаржы аяққа тұрып кетуіме көп пайдасын тигізді деп отыр. Қазіргі таңда 80 омартасы бар. Жалпы биыл Шымкент қаласында 452 адам мемлекеттік қайтарымсыз грант иесі атанған. Олардың ішінде бірқатар жаңа бағыттағы бизнес жобасын ұсынғандар да бар.

Бағдат Архабаев, Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығы директорының орынбасары:

«Комиссияның шешіміне сәйкес, 452 тұрғын мемлекеттік қайтарымсыз гранттың жеңімпазы атанды. Олар өзінің қорғаған бизнес жобасы аясында кәсібін ашып, жұмыс жүргізе алады немесе кәсібін ары қарай ұлғайта алады. Бізде көп түсетін өтініштер, бизнес жобалар – тігін саласы, кондитерлік өнімдер, мал шаруашылығы, қызмет көрсету саласы.»

Өткен жылы 7500 адам қайтарымсыз грант алуға өтінім берсе, биыл бұл сан 7773-ке көбейген. Ал грант алған 452 азаматтың ішінен 12 бұзушылық анықталған. Қазір олардың қаржыны мақсатты жұмсағаны жөнінде тексеру жүріп жатыр. Мамандар грант иелеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отыратынын айтады.