Шымкентте қайтарымсыз гран берудің үшінші кезеңі аяқталды. Бұл жолы 4 жүзге жуық адам өтініш білдіріп, олардың жүзге жуығы жеңімпаз атанды. Жеңімпаздардың қатарында кімдер бар? Олар кімдер және немен айналысады?
Шымкентте тағы 99 адамға қайтарымсыз грант берілді. Байқау кезең кезеңімен өткен. Үшінші кезең бойынша грант көлемі 1 миллион 600 мың теңгеге жеткен. Бұл туралы бүгін қалалық өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Грантқа өтініш беру Enbek.business.kz порталы арқылы жүргізілген. Үміткерлер өз бизнес-жобаларын онлайн тіркеп, кейін комиссия алдында көзбе көз қорғаған.
Ресми өкілдің мәліметінше, іріктелген жобалар әртүрлі. Жобаларды саралау кезінде оның ұтымдылығы мен тиімділігіне көңіл бөлінген. Және тұрғындардың жауапкершілігі де ескерілген. Жеңімпаздардың жартысы жұмыссыз жүрген тұрғындар және әлеуметтік осал топтарға жатады.
Жалпы биыл 432 тұрғын қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Грант жеке кәсібін енді бастауға ниетті, сол арқылы адамдарды жұмыспен қамтып, нәпақа табумен қатар салық төлейтін, қала экономикасына үлес қосуға мүдделілерге берілген.
Айта кетейік, гранттардың басты мақсаты – азаматтарды кәсіпкерлікке ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экономиканы дамыту. Мемлекеттен берілген қаржы қайтарымсыз болғанымен, оның мақсатты жұмсалуы қатаң бақыланады. Еңбек мобильділігі орталығында арнайы мониторинг тобы жұмыс істеп, жобалардың іске асуын қадағалайды.
Дилара Иса






