Мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасы

82

Мемлекеттік қызмет атқару, мемлекеттік қызметшілерге қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады.

Мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсібіне жұмсап, Отанымыз – Қазақстан Республикасына қалтықсыз әрі адал қызмет етіп, қоғам алдында сенімін ақтауы міндетті. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде» нақты көрсетілген.

Мемлекеттік қызметші халықтың бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуы, адал, әділ, қарапайым болуы, үнемі біліктілігін арттыруы, шектеулерді қатаң сақтауы, қоғам тарапынан сынға ілікпеуі, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы, іскерлік әдепті сақтауы, мемлекеттің мүлкін, автокөлік құралдарын қоса алағанда тек қызметтік мақсатта пайдалануы тиіс.

Мемлекеттік қызметші қызметтен тыс уақыттарда  жалпыға қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуі; қарапайым болуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға; өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке қол сұғушылыққа әкелетін заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеуі тиіс.

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес жалпы мемлекеттік, бүкілхалықтық сипатқа ие. Конституциялық тәртіпті қорғау және сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында мемлекеттік саясат жүргізу бүгінгі күннің басты мақсаты. Бұл кез-келген мемлекетте басты ұстанымға айналған. Өйткені сыбайлас жемқорлық ел жетістіктеріне, ұлттың қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіреді.

Мереке күндері мемлекеттік қызметшілердің қандай да бір сыйлықтар, сый-сияпаттар алуы Әдеп кодексі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы өрескел бұзу болып есептеледі.

Бұл ретте, заңсыз материалдық сыйақы ұсынған тұлғалар да, сыйлық алғаны үшін мемлекеттік қызметші де әкімшілік жауапкершілікке тартылады, ал кейбір жағдайда сыйақының құынына қарай қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге жұмыс уақытында, қызметтік кабинеттерде алкогольдік ішімдіктер ішуге, дастархан жаюға және т.б. рұқсат етілмейді.

Сондықтан, мемлекеттік қызметші жұмыс кезінде болсын, демалыс күндерінде болсын, қоғамдық орындарда және басқа жерлерде  Әдеп кодексінің талаптарын естен шығармай, орындауы міндетті.

Б.Нұрманов,

Шымкент қ. СЭБД басшы орынбасары