Қажылық талаптарына өзгерістер енді. Алдағы жылы бес парыздың бірін орындауға биыл желтоқсан айының соңына дейін тіркеліп үлгергендер ғана бара алады. Сондай ақ қажылыққа ниет еткен жамағатқа енді іріктелген 17 турфирма ғана қызмет көрсетеді.
2024 жылғы қажылық маусымы өзгеше болмақ. Яғни, қасиетті парызын өтеудің ережесіне өзгеріс енді. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы Сауд Арабия Қажылық және ұмра министрлігі алдағы қажылық маусымы үшін Қазақстанға 10 мың орын ұсынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ олардың талабы бойынша биыл қажылыққа орын желтоқсан айының соңына дейін толық тіркелген елдерге ғана берілмек. Яғни, жыл соңына дейін қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп, сол жүйеден алынатын қызмет түрлеріне, яғни, қонақ үй, Мина мен Арафат қызметтеріне қаражатын төлеген кісі санының көлеміне сай Қазақстан азаматтары үшін қажылық орындарының саны айқын болмақ.
«Қажылық және Ұмра министрлігі дедлайндар қойып отыр. Әр іс кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Биыл қажылар желтоқсан айының 20-ына дейін аталған 17 турфирмаға тіркелу қажет. Ең басты өзгешелік — осы. Сондықтан кеш қалмаңыздар. Өйткені одан кейін тіркелу мұрсаты болмай қалады.»,- дейді ҚМДБ Төрағасының орынбасары, найб мүфти Ершат ОҢҒАР.
Сонымен қатар 2024 жылы 17 туроператор қажылыққа ниет еткен отандастарымызға қызмет көрсету құқығына ие болып отыр. Демек, іріктелген 17 турфирма қажылардың қауіпсіздігіне, қонақ үй және транспорт сынды қажеттіліктер мен құжаттарды рәсімдеуге міндеттеледі. Алдын-ала тіркелген азаматтар қандай да бір жағдаймен қажылыққа бара алмайтын болса, келісімшарт бойынша орнына басқаны жіберуге немесе қаржыны қайтарып алуға құқылы.
«Келісімшарт түзеді. Келісімшарт түзген кезде оның шарттары көрсетіледі. 15 күн қалған кезде қаражаттың белгілі бір пайызы қайтарылады. 10 күн қалған кезде тіпті қайтарылмайды дегендей көрсетіледі. Өйткені 10 күн қалған кезде виза беретін порталдар жабылып қалады. Сіздің орныңызға басқа адамды жіберу мүмкіндігі болмай қалады. Сол кезде ғана қаражат қайтарылмайды. Ал оған дейін орынға басқа адамды жіберу мүмкіндігі болып тұрған кезде қаражат толық кайтарылады. Олардың алаяқтықпен айналыспауына, олардың азаматтардың құқығын таптамауына ИншАлла, Құдай қаласа, кепіл болады ия»,- дейді ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жандилла БЕКЖІГІТОВ.
Қажылыққа ниеттенген адам аталған 17 турфирманың біріне ертерек жазылып қоюы тиіс дейді дін өкілдері. Қажылық бес парыздың бір құлшылығы болғандықтан бұған сақтықпен қарап, біреудің ақысына кіріп қоюдан және жалған ақпараттардан сақ болуға да шақырады.