Шымкентте Фосфоршылар сарайының төбесі құлап, жас жігіт көз жұмды

26

 Шымкенттегі бұрынғы «Фосфоршылар» сарайының үш қабатты ғимаратының бір бөлігі құлаған. Бейресми мәлімет бойынша үйінді астында 1 адам қалған. Оқиға орнына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков барды. Төтенше жағдай орнына жедел-құтқару жасағы мен шымкенттік полицейлер қажетті шараларды атқарды.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Фосфоршылар сарайындағы опырылуға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қайғылы оқиға ғимараттың 3-қабатында болған. Төбесі құлаған кезде жас жігіт ішінде болған.

«Оқиға шамамен 20:00-де болған. Төтенше жағдайлар департаменті және басқа да органдар қажетті шараларды қабылдады. Мұнда жастар жиі келеді, жақында мұнда сериал түсірілді. Түрлі видеолар түсіріп жатыр», – дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Оқиға кезінде ғимаратта үш адам болған, олардың екеуі қашып үлгерген, біреуі үйінділердің астында қалып, қайтыс болды. Зардап шеккендердің барлығы – «Орта Азия» медициналық колледжінің екінші курс студенттері.
Оқиға орнын тексеруге 23 қызметкер және 9 бірлік ТЖД арнайы техникасы, 8 құтқарушы, 2 кинологиялық есеп және медицина қызметкерлері қатысты.
Қазіргі уақытта оқиға орнын мұқият тексеру жүргізілуде.

Кезінде қаладағы ең әсем ғимараттардың бірі болған Фосфоршылар сарайы ұзақ жылдар бойы кәсіпкер Тоқтар Төлешевтің меншігінде болды. Ұзаққа созылған сот процестерінен кейін ғимарат 13 қарашада ресми түрде мемлекет меншігіне өткен болатын. Қараусыз қалған ғимараттың металдарын кесіп әкеткен, төбелерінің біраз бөлігі жоқ болған.

Осыдан аз ғана уақыт бұрын Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ғимарат алдағы уақытта көпсалалы жастар сарайы болып қайта жаңғыртылатынын айтқан еді.

Тиісті орган мамандары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үстінде.