Шымкентте опырылған мәдениет сарайының үйіндісі астынан студенттің денесі шығарылды

70

Күні кеше Шымкенттегі Фосфоршылар сарайының төбесі опырылып құлағаны туралы хабарлаған болатынбыз. Бүгін ғимаратының үйіндісі астынан 18 жастағы студенттің денесі шығарылды. Сағат 22.30-да Шымкент құтқарушылары мен кинологтар 2005 жылы туған жасөспірімнің мәйітін үйінділер астынан жарты метр тереңдікте тапқан.

Медицина колледжінің екінші курс студенті оқиға болған сәтте ғимарат ішінде 16 және 18 жастағы өзінің екі курстасымен бірге болған. Олар нысан құлаған уақытта қашып үлгерген.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, бала ғимарат ішіне видео түсіремін деп кірген болуы ықтимал.  Үйінді астында қалған студент «Орта Азия» медицина колледжінің екінші курсында оқитыны белгілі болды.