Шымкенттік қыз пара-каратэден Әлем чемпионы атанды

23

Шымкенттік ару пара-каратэден Әлем чемпионы атанды. Ол Даун синдромымен туылғанына қарамастан спорт саласында біраз шыңдарды бағындырып келеді. Тіпті тірек-қимыл қозғалысында қиындық болған Даяна Сапарбаева спорттың арқасында қазір қалыпты өмірге бейімделген. 

23 жасар шымкенттік спортшы Даяна Сапарбаева 8 жасынан бері каратэмен шұғылданады. Оның ағасы да осы спорт түрінен қара белбеу иегері. Бауырымен бірге жүріп жаттыққан ару Даун синдромына қарамастан Әлем чемпионы атанды.

«Мен каратэні жақсы көремін. Жаттығу жасап, Әлем чемпионы болдым. Тағы да жеңіске жетемін деп ойлаймын. Жаттығу жасаған ұнайды. Мұнда таныс достарым бар. Мен үшін өте қызық спорт түрі» — дейді спортшы Даяна Сапарбаева.

Спортшы қыз пара-каратэден 2 дүркін әлем, 3 мәрте Қазақстан чемпионы. Даяна Сапарбаеваның жаттықтырушысы оның алғаш спорт залға келген кезін, қимыл қозғалысында бірқатар қиындықтар бар еді деп еске алады. Дегенмен талапшыл қыз, тынымсыз еңбек пен күнделікті жаттығудың арқасында керемет нәтижелерге қол жеткізді.

«Даяна каратэ спортына өте жауапкершілікпен келеді. Өте еңбекқор қыз. Сондықтан чемпион болды деп ойлаймын. Астанадағы әлем чемпионатына 9 елдің спортшылары келді. Сонда Даун синдромымен ауыратын спортшыларының ішінде 1 орын алды» — дейді жаттықтырушы Гүлнара Төлегенова.

Ал мүмкіндігі шексіз қыз бос уақытын өзін дамытуға арнайды. Атап айтқанда ол қылқаламды жанына серік еткен. Тіпті Оқушылар сарайында өз туындыларынан көрмесін де қойған екен.