Тамақтан улану жағдайларының алдын алудың қарапайым қағидалары

26
фото aqmeshit-aptalygy.kz

 

Тағамнан улану жағдайы мен «ботулизм» ауруының алдын алу – санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің күн тәртібіндегі  өзекті мәселелердің бірі. Дұрыс дайындалмаған өнімдерді тұтыну салдары «ботулизм» ауруы мен тамақтан улану жағдайының тіркелуіне себепкер болуы әбден ықтиал.

Ботулизм ауруының улы таяқшалары ауасыз кеңістікте дамиды. Ерекшелігі де міне осында, яғни тағамның түсі, түрі еш өзгеріссіз қалпында қалады. Аурудың ерте белгілеріне аз уақыт ішінде байқалатын тамақтан улану симптомдары жатады (жүрек айну, құсу, бас ауру) бара-бара бұл ботулизм ауруына тән жүйке жүйесінің жұмысының бұзылуы белгілеріне ауысады (көз еттерінің жансыздануы, қарашығының үлкеюі, заттарды қосақтап көру-диплопия, жарыққа реакцияның болмауы, таңдай еттерінің, тамақтың, кеңірдектің жансыздануы, жұту, шайнау актілерінің бұзылуы және т.б).

Бұл бағытта ұдайы санитариялық ағарту жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Насихаттау жұмыстарын жүргізе келе, азық түлік өнімдерін тасымалдау, әзірлеу, дайындау, сақтау  мен жеке бас гигиенасы талаптары сақталмаған жағдайда тамақтан улану, өткір ішек жұқпалы аурулары мен «ботулизм» ауруының орын алуына бірден бір негізгі себептері болу мүмкін екенін еске сала отырып, жоғарыда аталған аурулардың алдын алу бағытында төмендегі ережелерді сақтауды ұсынамыз:
– көшеден үй жағдайында дайындалған салаттар мен консервіленген тағамдарды сатып алмау;

– консервіленген тағамдарды пайдаланар  алдында оның   сатылу мерзіміне және қақпақтың көтерілуінің, яғни герметикалық қораптың бұзылуының бар-жоқтығына  назар аудару;

– үй жағдайында консервіленген көкөністерді, жемістерді және саңырауқұлақтарды пайдаланар алдында 15-20 минут термиялық өңдеуден өткізу;
– жеке бас гигиенасын сақтау, қолыңызда жарақат болса ас әзірлеуге қатыспау  немесе үй жағдайында бір реттік қолғап киіп әзірлеу;
– шикізат пен дайын өнімдерді қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар сауда орындарынан алу, олардың бірге сақталмауына, қорапталуына, ластанбауына назар салу;

– көкөністерді, жемістерді пайдаланар алдында таза ағынды сумен мұқият жуу;
– азық-түлік өнімдерін сақтауда сақтау нұсқамаларына қарау, сақтау мерзімі өтіп кеткен өнімді пайдаланбау, дайын тамақтарды, әсіресе салаттарды бөлме температурасында сақтамау.
Аурудың алғашқы белгілері (жүрек айну, құсу, бас ауыру, диарея) пайда болса, уақыт жоғалтпай дәрігерге қаралған жөн!

А. Ахметов,

Шымкент қ.СЭБД басшы орынбасары