Наурыз мейрамы қарсаңында тағамнан уланудың және ботулизмнің алдын алу 

69

Қасиетті Рамазан айында және Наурыз мейрамы қарсаңында тағамнан уланудың және ботулизмнің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Ораза айында қоғамдық тамақтану орындары мен мешіттерде, үй жағдайында күнделікті ауызашар өтетіні белгілі. Наурыз мерекесіне байланысты бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда, кейбірі басталып та кетті.

Ауызашар өткізерде немесе Наурыз мерекесіне орай, алдын ала азық-түлік, оның ішінде әртүрлі тез бұзылатын аспаздық және кремді кондитерлік өнімдер сатып алынады. Алайда, үй жағдайында дұрыс консервіленбеген өнімдерді тұтыну мен санитариялық талаптарды сақтамай әзірленген тағамдардың салдары ботулизм, тағамдық токсико-инфекция және өткір ішек жұқпалы ауруларының тіркелуіне себепкер болуы мүмкін.

Ботулизм ауруының улы таяқшалары ауасыз кеңістікте дамиды. Ерекшелігі де осында, яғни тағамның түсі, түрі еш өзгеріссіз қалпында қалады. Аурудың ерте белгілеріне аз уақыт ішінде байқалатын тамақтан улану симптомдары жатады (жүрек айну, құсу, бас ауру) бара-бара бұл ботулизм ауруына тән жүйке жүйесінің жұмысының бұзылуы белгілеріне ауысады (көз қарашығының үлкеюі, заттарды қосарлап көру, жарыққа реакцияның болмауы, таңдай еттерінің, тамақтың, кеңірдектің жансыздануы, жұту, шайнау актілерінің бұзылуы және т.б.).

Азық-түлік өнімдерін тасымалдау, әзірлеу, дайындау, сақтау мен жеке бас гигиенасы талаптарының сақталмауы ботулизм, тамақтан улану мен өткір ішек жұқпалы ауруларының бірден бір негізгі себептері екенін еске сала отырып, төмендегі талаптарды ұсынамыз:

Үй жағдайында:

– қол жууға жағдайдың жасалуы;
– тамақтану бөлмелерінің ауасын жиі алмастыру;
– шикізат пен тамақ өнімдерін қауіпсіздігін куәландыратын тауардың ілеспе құжаттамасы бар орындардан сатып алу;
– үй жағдайында дайындалған консерві (салаттар, ет, құс, балық, саңырауқұлақ және т.б.) өнімдерін пайдаланар алдында 15-20 минут термиялық өңдеуден өткізу;
– ет, құс, жұмыртқадан тез бұзылатын тағамдар, сондай-ақ паштеттер, аспаздық өнімдер, кремі бар кондитерлік өнімдер, салаттарды дайындағаннан кейін бірден қолдану, сақталу талабы бұзылғанда келесі күні пайдаланбау;
– терінің іріңді аурулары бар, іріңді кесілген, күйген, терісі сыдырылған, сондай-ақ жоғары тыныс алу жолдарының ауруы болған жағдайда тамақ әзірлеуге қатыспау керек.

Қоғамдық тамақтану нысандары мен мешіттерде:

– ауыз су, ыстық су, лас су жүйелерімен, түрлі деңгейдегі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін келушілер мен персоналға арналған раковиналар, қол жуу, өңдеу, сүрту немесе кептіру құрылғыларымен және құралдармен жарақталуы;
– желдету және (немесе) ауа баптау жүйелерінің көзделуі;
– қоғамдық тамақтану өнімдерін дайындау үшін пайдаланылатын азық-түлік (тағамдық) шикізатының, тамақ өнімдерінің және қосымша материалдардың әрбір партиясының қабылдау, сақтау, тасымалдауының қадағалануы және қауіпсіздігін куәландыратын тауардың ілеспе құжаттамасы бар орындардан сатып алынуы;
– үй жағдайында дайындалған консерві (салаттар, ет, құс, балық, саңырауқұлақ және т.б.) өнімдерін қоғамдық тамақтану орнында, мешіттерде пайдаланбау;
– тез бұзылатын тамақ өнімдері үшін тауардың ілеспе құжаттамасына өнімнің шығарылған уақыты мен күні, сақтау шарттары (температурасы, қажет етілген жағдайда ауаның салыстырмалы ылғалдығы), соңғы жарамдылық мерзімі көрсетілуі, олардың тоңазытқышта сақталуы;
– азық-түлік (тамақ) шикізаты мен дайын тамақ өнімдерін (ет, құс еті, балық, көкөнiстер, аскөк, ет, сүт өнімдерін, нан және нан-тоқаш бұйымдары, кондитерлік бұйымдар) бөлшектеу үшін өңделетін тамақ өнімдеріне сәйкес, әріпті және (немесе) түрлі-түсті таңбалауды пайдаланып таңбаланған жеке бөлшектеу мүкәммалдары (бөлшектеу тақтайшалары, пышақтар) мақсаты бойынша пайдалану;
– жабдықты пайдалану, жуу және дезинфекциялау оларды пайдалану, жуу және дезинфекциялау жөніндегі өндіруші нұсқаулығына сәйкес жүзеге асырылуы;
– тамақ қалдықтарын жинауға арналған жарамды жағдайдағы бөлек контейнерлер (жабылатын сыйымдылықтар), оларды тазалауды, жууды және жануарлардың кіруінен қорғауды қамтамасыз ететін, қоқыс пен тамақ қалдықтарын жинауға арналған шаруашылық алаңының көзделуі;
– персоналдың арнайы киімдермен қамтамасыз етілуі мен жеке бас гигиенасын сақтау жағдайының болуы;
– медициналық тексеріп-қараудан, гигиеналық оқытудан өткендігі туралы белгісі және жұмысқа рұқсаты бар әр жұмыскердің жеке медициналық кітапшасының жұмыс орнында сақталуы;
– терінің іріңді аурулары бар, іріңді кесілген, күйген, терісі сыдырылған, сондай-ақ жоғары тыныс алу жолдарының ауруы бар, инфекциялық аурулармен ауыратын және инфекциялық ауруларға күдікті адамдар жұмысқа жіберілмеу керектігін ұсына келе, жоғарыда аталған санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталмаған жағдайда халық арасында улану, өткір ішек жұқпалы аурулар жағдайларының тіркелуіне себепкер болатынын назарларыңызға саламыз.

Сонымен қатар, мереке күндері алаңдарда, демалыс саябақтарында, көше бойларында тәтті мақта, қуырылған жүгері, құйылмалы квас, самса, бәліш, жұмсақ балмұздақ сататын белгіленген орны жоқ, рұқсатсыз сауда орындары пайда болады. Егер денсаулығыңызға зиян келтіргіңіз келмесе, мұндай сауда орындарынан тағам өнімдерін сатып алмағаныңыз жөн.

МАҢЫЗДЫ!
Мереке күндері балалар мен жасөспірімдер бірінші кезекте жұмсақ балмұздақты тұтынатынын және сапасыз болған жағдайда өнімнен улану жағдайына алып келуі мүмкін екендігін ескере отырып,

ЖҰМСАҚ БАЛМҰЗДАҚ ДАЙЫНДАП, САТУМЕН АЙНАЛЫСАТЫН КӘСІПКЕРЛЕР НАЗАРЫНА ҰСЫНАМЫЗ:

Шымкент қаласында 2018 жылы жұмсақ балмұздақтан жаппай улану жағдайы орын алып, көптеген адамдардың денсаулығына зиянын тигізді. Сол себепті, нысандарыңыздың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес болуын және бұзушылықтарға жол берілмеуін жіті қадағалау қажеттігін ескертеміз! Бұл – өте жауапты жағдай. Сонымен қатар, жуу, тазалау және залалсыздандыру құралдарының болуына, пайдаланылуына қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз.

Құрметті тұрғындар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласымен жұмсақ балмұздақ сататын нысандарға тексеру тек арыз-шағым негізінде, оның үстіне дәлелді нақты фактілер болғанда ғана жүргізілетіндігін еске саламыз. Сондықтан, тұрғындардан жұмсақ балмұздақты тұтынар алдында аса сақ болуды сұраймыз, өйткені мұндай өнімдер тез бұзылады. Жұмсақ балмұздақ сатып аларда, нысанның санитариялық жағдайы сізге ұнамаса немесе күдік туғызса, өнімді сатып алудан бас тартқаныңыз жөн.

Жоғарыда көрсетілген талаптарды сақтау мереке күндерінде тамақтан уланудың алдын алады. Тағамнан улану белгілері пайда болған жағдайда, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет!

Төлебаев Әбдіманап Қошқарұлы,
Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері