«Жиһаз жасаймын»: Студент жігіт мақтааралдық тұрғындарды сан соқтырып кеткен

2015

Мақтааралдық тұрғындарды алдаған студент ұсталды. Жас жігіт Instagram-да төрт жалған парақша ашып, желі қолданушыларын жиһаз жасап беретінін айтып сендірген.

Аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Ер адамның айтуынша, белгісіз біреу әлеуметтік желіде үй жиһазын жасап беретінін айтып, ақшасын иемденген.

Жедел іздестіру шараларына «CyberPOL» тобының тәжірибелі полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде Атырау қаласының 20 жасар тұрғыны анықталды. Әрі қарай тексерулер барысында жігіттің студент екені және ол әлеуметтік желіде 4 бірдей жалған парақша ашып, тұрғындарды алдағаны белгілі болған.

«Тергеушілер студент жігіттің 10 адамды алдап, 4 миллион теңге шығын келтіргенін анықтады. Яғни, жас жігіт instagram-да үй жиһаздарын арзан бағада жасайтынын айтып, жалған жарнамалар жасап, тұрғындарды алдаған. Сенім білдірген азаматтар жас жігіттің парақшасындағы жиһаздардың суреті арқылы тапсырыс беріп, ақшасын алдын ала онлайн аударған» деп мәлімдеді облыстық Полиция департаментіндегілер.

Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі «Интернет алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүруде. Күдікті жігіттің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Полицейлер толық мән-жайды анықтап жатыр.