Шымкентте МӘМС бойынша 80-ге жуық стоматологиялық мекеме қызмет көрсетуде

29

Былтыр Шымкентте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тұрғындарға 500 мыңнан астам стоматологиялық қызмет көрсетілген. МӘМС бойынша тегін тіс емдеу көмегі халықтың белгілі санаттарына қол жетімді.

Атап айтқанда, жоспарлы стоматологиялық көмекті балалар мен жүкті әйелдер ала алады. Шұғыл жағдайда 18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; 1, 2, 3 топтағы мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар; Атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен зейнеткерлер; жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар; ерекше баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға көмек көрсетіледі.

Шұғыл тіс емдеу науқастың өміріне қауіп төндіретін өткір аурулар мен созылмалы аурулардың өршуі кезінде қарастырылған. Пациенттер шұғыл стоматологиялық көмекті учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз ала алады. Шымкент қаласында қазіргі таңда МӘМС бойынша 80-ге жуық стоматологиялық мекеме қызмет көрсетуде. Клиникалардың тізімімен Қордың fms.kz сайтында танысуға болады.

Медициналық көмек көрсетуден бас тартылған жағдайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, fms.kz ресми сайты, Telegram-дағы @SaqtandyrýBot , 1414 байланыс орталығына хабарласуға болады.