Шымкентте жол ережесін бұзған 270-ке жуық автобус жүргізушісі жауапкершілікке тартылды

Шымкентте бір күнде жол ережесін бұзған 268 автобус жүргізушісі жауапқа тартылды. Полицейлер ұйымдастырған рейд барысында қоғамдық көлік жүргізушілерінің көбіне жылдамдықты шамадан тыс арттырып, қауіпсіздік белдігін тақпайтыны белгілі болған.

Сонымен қатар, жолда келе жатып хат жазысып, телефонмен сөйлескен жүргізушілер де бар. Тағы 20 жүргізуші автобусты техникалық байқаудан өткізбегені үшін айыппұл арқалады. 1 қоғамдық көлік айыптұрағына қойылып, автобус парктерінің 2 лауазымды қызметкері жауапқа тартылды. «Автобус» профилактикалық шарасы 25 қаңтарға дейін жалғасады.

«Бейнебақылау қаланың барлық жерінде. Одан кейін полк қызметкерлерімен бірнеше рет осы қоғамдық көлік жүргізушілерінің жіберген кемшіліктері бойынша хаттамалар толтырылған. Қазір жүргізушілер де өздері біледі. Ешкім тектен тек айыппұл арқалағысы келмейді. Әрине 7 күннің ішінде төлейтін болса 50%, 7 күннен асатын болса 100% толығымен өтейді. Хаттама толтырылған тұлғаның өзі төлейтін болады», – деді Шымкент қалалық ПД Патрульдік полиция полкі бастығының орынбасары Талғат Дәнебеков.