Алматыдағы жер сілкінісі бойынша ахуал ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Күн тәртібінен тыс өткен жиында үкімет басшысы дабылды ескерту жүйелерінің қосылмауы салдарынан адамдар арасында дүрбелең туғанын жасырмады. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық жауапты құрылымдарға тәулік бойы кезекшілікке көшу тапсырылды.
Кеше табиғат ана тосын мінезін алматылықтарға тағы бір көрсетті. Түнгі уақытта басталған жер сілкінісі тұрғындарды біраз әбігерге салды. Апаттың боларынан хабарсыз халық табан астында үрейге бой алдырып, арасында тіпті екінші, үшінші қабаттардан төмен секіріп кеткендер де болды. Бұл мәселені бүгін үкімет отырысында талқылаған премьер-министр, мұның бәрі дабылды ескертудің уақтылы қосылмауының салдарынан деп атады.
Әлихан Смайлов, ҚР Премьер-министрі: «Қаза тапқандар жоқ, ауқымды зиян келмеді. Алайда зардап шеккендер бар. Уақытылы ақпарат алмаған адамдар нақты әрекетсіз дүрбелеңге жол берді. Олар 2, 3 қабаттардан секірген кезде зардап шекті. Бұл ескерту жүйелерін уақытылы қосып, халыққа мүмкіндігінше ертерек ақпарат беріп, хабарламалар жіберу қажет екенін көрсетті».
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан Алматыдағы жердің сілкінісі айқын байқалады. Төтенше жағдайлар министрі жер сілкінісі Алматыдан 264 шақырым жерде Қырғызстан мен Қытай шекарасында болғанын баяндады. Нәтижесінде Алматыда 5 балл, Шымкентте 2 балл, Жамбыл облысында 2-3 балл және Жетісу облысында 4 балл болып сезілген бірқатар сейсмикалық факті тіркелген.
Ал жер дүмпуі қайталанады деп үрейленген адамдар үйлеріне кірмей далада жүрген. Дегенмен сейсмикалық болжау комиссиясы Алматы аумағында күшті және жойқын жер сілкіністері күтілмейтінін айтып елді тыныштандырған.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: «Министрлікте дереу республикалық жедел штаб құрылып, аумақтық деңгейде жұмыс істеді. ТЖМ психологтарын тарта отырып, «жедел желі» телефондары ұйымдастырылды. Өңірлерді азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары жоғары дайындықта жұмыс істеді, командалық-штабтық машиналар орналастырылды, құтқару бөлімшелерінің топтары және халықты хабардар ету жүйесі – толық дайындықта».
Премьер-Министр барлық сейсмикалық қауіпті өңірлерде жаттығулар жиі өткізілуі керек екенін атап өтті. Және жер дүмпуі кезінде не істеу керектігін әрбір азамат білуы тиіс. Өңірлердегі әкімдіктерге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осындай төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын түзетуді тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: «Жақын арада жедел ден қою үшін басқару органдары мен азаматтық қорғау күштері басшылары мен жауапты тұлғаларының басқару бекеттеріндегі кезекшілігі енгізілсін. Бұл тіршілікті қамтамасыз ететін барлық ұйымға қатысты».
Үкімет басшысы сондай-ақ зардап шеккендерді емдеу үшін барлық шараны қабылдау қажеттігін атап өтті. ТЖМ қызметтері жағдайды тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Барлық тиісті қызмет арасында, соның ішінде жер сілкіністері ошақтары орналасқан көрші мемлекеттермен нақты өзара іс-қимыл жасау керек», — деп түйіндеді премьер-министр.